«Қазақстан Даму банкі» АҚ екінші деңгейлі банктермен біріге отырып, 25 жобаны қаржыландыратын болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақстан Даму банкі» АҚ 22 екінші деңгейлі банкпен біріге отырып, жаңа қаржыландыру тұжырымдамасын ұсынды. Біріккен жоба аясында жалпы құны 5 млрд АҚШ доллары болатын 25 инвестициялық жобаны қаржыландыруды жүзеге асыру көзделген. Қаржыландырудың синдикаттық жобасы туралы бүгін Алматыда өткен журналистермен кездесу барысында «Қазақстан Даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев айтып берді.

Оның айтуынша, жаңа жобаларға 30 млн АҚШ доллары көлеміне дейін, ал аяқталмаған жобаның жалғасы болса, кез-келген сомаға дейін несие бөлінетін болды. Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларға 20 млн АҚШ доллары көлемінде лимит орнатылған. 25 жобаның 18-і өңдеу өнеркәсібіне жататынын айта кету керек.

Болат Жәмішев негізгі басымдық экономиканың әртараптандыруға бағытталған жобаларға берілетінін атап өтті.

«Біз көбінесе экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларға баса мән береміз. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым жүйесіне негізгі басымдық берілетін болады», - деді Б.Жәмішев.

Несие алушылардың жобада 20 пайыздық қатысуы болуы керек. Қалған 80 пайыз «Қазақстан Даму банкі» АҚ пен екінші деңгейлі банктер арасында реттеледі.

Болат Жәмішевтің мәлімдеуінше, сыйақы мөлшерлемесі әр банктің өз ставкасымен реттеледі. Дегенмен «Қазақстан Даму банкі» ЕДБ ақылға сыйымсыз сыйақы мөлшерлемесін қоймауын қатаң қадағалайтын болады. Қаржыландыру мерзімі 10-20 жылға дейін созылады. Өтінімдер 53 күнде қаралады.

«Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуының келесі 5 жылдығы аясында мұндай қаржыландыру жүйесі банктерге несие тәуекелдерін бөлісіп, жобаны жүзеге асыруда сапалы сараптамаға қол жеткізеді», - деді Б.Жәмішев.

Соңғы жаңалықтар