Қазақстан Дамаскідегі әл-Фараби мәдени орталығын қалпына келтіреді

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бейсенбіде Брюссельде «Сирия мен өңірлердің болашағына қолдау көрсету» үшінші халықаралық донор конференциясы қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Еуроодақтағы меншікті тілшісі.

Еуропа одағы БҰҰ-мен бірлесіп ұйымдастырған үш күндік форумға 57 мемлекет қатысты. Конференция - қаржы ресурстарын жұмылдыру құралы ғана емес, Сирия дағдарысын шешу үшін идеяларды біріктіруге арналған алаң.

ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, қатысушылар саяси татуласуға, экономиканы қалпына келтіруге және босқындарды қайтаруға көңіл аударған.

Қорытынды сессияда гуманитарлық мәселелер жөніндегі еурокомиссар Христос Стилианидис халықаралық конференция қатысушылары Сирия мен өңірлерге 7 млрд доллардан бөлуге міндеттелді.

«Қазір Сириямен көршілес жатқан және еуропалық мемлекеттердегі босқындарды еліне қайтару мәселесі тұр. Оларды баспанамен, жұмыспен және біліммен қамтамасыз ету үшін іірі көлемде қаржылық және гуманитарлық шығындар қажет», - деді Мұхтар Тілеуберді.

БҰҰ бағалауы бойынша, тек қана Сирияда 11,7 миллион адам түрлі гуманитарлық көмекке зәру.

«Қазақстан өз тарапынан барынша көмек көрсетіп жатыр», - деп атап өтті М.Тілеуберді.

Еліміз азық-түлік жеткізу арқылы көмек көрсеткен. Биыл Шамда 2012 жылы ҚР Үкіметі салған әл-Фараби мәдени орталығын қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Дамаскіде бізге тікелей қатысы бар үлкен екі мавзолей бар. Бұл - әл-Фараби және сұлтан Бейбарыс кесенелері. Онда үлкен кітапхана ашылған», - деп атап өтті қазақстандық дипломат.

М.Тілеубердінің сөзінше, конференция қатысушылары Сириядан 47 Қазақстан азаматын эвакуациялау туралы «Жусан» гуманитарлық операциясын жоғары бағалаған.

Автор: Тимур Дүйсекеев


Соңғы жаңалықтар