Қазақстан чемпионатында қостанайлықтар топ жарды

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласындағы шағын футболдан мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы чемпионат аяқталды. Елдің әр өңірінен келген ауқымды турнирде Қостанай облысының құрамасы жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл команда Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының «Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған № 3 Қостанай арнайы мектеп-интернаты» жанынан құрылған. Команданың бас бапкері Иван Гриценконың айтуынша, балғындар  жарысқа екі ай бұрын дайындалған.
null

«Облыста қамкөңіл жандарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырып, олардың қабілетіне қарай спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасалған. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандар қандай да бір кәсіп тауып, алдарына мақсат-мүдде қояды. Балғындардың әр жеңістен кейінгі қуанышын көрудің өзі бөлек әңгіме. Бір қуаныштысы, олар жаттығу залына кешікпей келіп, берілген тапсырмаға ықтиятты қарайды. Осы есту қабілеті төмен спортшылардың арасында өткен турнирдегі жеңістің басты себебі осы шығар», - дейді бас бапкер.
null

Чемпионатқа Қазақстанның барлық облыстарынан іріктелген он үш құрама қатысты. Доп додасына түскендердің арасындағы ең жас команда - Қостанай облысы. Олар бұған дейін Қырғызстанда өткен шағын футбол жарысынан олжалы оралған-ды. Қостанайлықтар өз тобында Қарағанды, Алматы, Қызылорда командаларымен күш сынасты. Алғашқы ойында Алматы жастарын 4:2 есебімен ұтты. Ал екінші кездесуде алаң иелеріне дәл осындай есеппен жол берді. Қорытынды матчта қызылордалық ұжымның қақпасына сегіз доп соқты. Сөйтіп, үздікті анықтау үшін Қостанай облысы мен өзге топтан озық шыққан Екібастұз қаласының командалары кездесті. Финалда 6:3 есебімен жеңген жерлестер турнирдің жеңімпазы атанды. Екібастұздықтарға қарсы белсенді өнер көрсеткен Руслан Шыңғысбек жарыстың ең үздік ойыншысына берілетін сыйлыққа ие болды. Бас бапкер Тимур Есов, Адрей Данин, Николай Привалов, Рүстем Мұратбаев сияқты ойыншылардың білікті мамандардың жоғары бағасын алғанын айтты.
null 

«Жігері жасымаған жандардың алдағы уақытта да толайым табыстарға жететіне сенімім мол. Сондықтан бапкер ретінде қолдан келгеннің бәрін жасаймын, олардың шеберліктерін шыңдай беруді жалғастыра береміз. Мемлекет басшысы халықтың отыз пайызын бұқаралық спортқа тарту керектігі жайлы да ұдайы айтып келеді емес пе? Ендеше, біздің алдымызда үлкен мақсаттар тұр»,- деді Иван Гриценко.     

Осы чемпионатта нәтижелі ойнаған қостанайлық бес футболшы Қазақстанның шағын футбол құрама командасына шақырту алды.

Соңғы жаңалықтар