Қазақстан бюджетін нақтылау: Коронавирус пандемиясы жоспарға ауқымды өзгеріс енгізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында бүгін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020-2024 жылғы даму болжамы мен 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетін нақтылау мәселесі қаралды. Үкімет мүшелерінің айтуынша әлемдік коронавирус пандемиясы бюджетті нақтылауға едәуір өзгеріс енгізген.


Халықаралық болжам: Қазақстан экономикасының өсімі биыл 2-2,3 пайызға азаяды

Осы мәселе төңірегінде сөз бастаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкіметте 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамына нақтылау енгізіліп жатқанын мәлім етті. Ол келтірген мәліметке сәйкес, әлемдік экономика өсімі халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша, осы жылы 5 пайызға төмендейді. Ал 2021 жылы өсім күтіліп отыр. Халықаралық ұйымдар сондай-ақ Қазақстан экономикасының нақты өсімін осы жылы минус 2,3%-тен минус 2% аралығында деп бағалайды. Алайда біздің елде келесі жылға тұрақты өсімді болжайды.

Министр экономика секторларының қазіргі үрдістерін ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша 2020 жылы Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімнің өсімі минус 2,1%-ті құрайтынын жеткізді.

«2020 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 69,8 трлн теңге көлемінде бағалануда. Ол бұрын нақтыланған көрсеткіштен 102 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық банктің бағалауы бойынша инфляция 8 пайызды құрайды. Экономиканың нақты секторының салалары бойынша өсу болжамы жақсарды. Құрылыстың 6,5%-ке, ауыл шаруашылығының 4,9 және өңдеу өнеркәсібінің 3,7%-ке өсуі болжануда», – деді Руслан Дәленов.

Министрдің бұған дейін де айтқанындай, шектеу шараларының салдарынан қызмет көрсету секторларының өсу қарқыны азайған.

«Мұнайдың бағасын ескере отырып, болжамдық бағаны 20 доллардан 40 долларға дейін арттыру ұсынылады. Қаңтар-қыркүйекте мұнайдың орташа бағасы бір баррельге 42 долларды құрады. Нақтыланған жоспар бойынша мұнай өндіру көлемі 85 млн тоннаны құрайды. Тауарлар экспорты 45,5 млрд долларға дейін артады. Импорт 33,8 млрд долларды құрайды. Осылайша, оң сауда теңгерімі 3,2 млрд долларға ұлғайып, 11,7 млрд доллар көлемінде болжануда», - деді ол.

Экспорт пен импорт: Қазақстанның биылғы көрсеткіші қандай?

Ұлттық экономика министрінен кейін сөйлеген Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев биылғы инфляцияның болжамды шегін атады. Ұлттық банктің болжамы халықаралық ұйымдардың болжамымен ұқсас: 2020 жылға арналған жалпы ішкі өнімнің нақтыланған болжамы Ұлттық банктің бағалауына сәйкес келеді.

«Нақты динамика мен қалыптасқан сыртқы факторларды ескере отырып, біз болжамымызды осы жылдың қыркүйегінде жария еттік. Оған сәйкес 2020 жылы ЖІӨ 2,0-2,3% пайызға төмендейтінін болжап отырмыз», - деді Ерболат Досаев Үкімет отырысында.

Оның сөзіне сенсек, ЖІӨ бойынша жаңартылған деректердің негізінде ақша-кредит саясаты мен төлем баланс көрсеткішінің болжамы жаңартылған.

«Жылдық инфляция 2020 жылдың соңына дейін 8,0%-ке дейін өзгереді. Оған азық-түлік бағасының қымбаттауы, айырбастау бағамының баға белгілеу процестеріне ауысуы және ақылы қызметтер инфляциясының жылдамдауы әсер етеді. 2020 жылы депозиттердің өсу болжамы 1,8%-тен валюталық депозиттерді қайта бағалау әсерін және олардың теңгелік салымдарға ауысуын ескере отырып, 8,7%-ке дейін нақтыланды. Ал депозиттер болжамын қайта қарай отырып, 2020 жылы ақша массасының өсу болжамы 4,7%-тен 10,8%-ке дейінгі аралықта болады», - дейді Ерболат Досаев.

Руслан Дәленов одан бұрын Қазақстанның тауарлар экспорты 45,5 млрд доллар, ал импорт 33,8 млрд долларды құрайтынын хабарлаған еді. Ерболат Досаевтың айтуынша тауар экспорты 45,5 млрд АҚШ долларына дейін, яғни 21,7%-ке қысқарады. Қысқаруға мұнай мен металл бағасының төмендеуі, сондай-ақ OPEC+ мәмілесінің талаптарын сақтауға байланысты мұнай өндіру көлемінің азаюы ықпал етеді. Бұл ретте экспорттың төмендеуі шикізат секторында жұмыс істейтін шетелдік тікелей инвесторларға төленуге тиіс кірістің қысқаруымен ішінара өтелмек.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша тауар импорты да экспортпен салыстырғанда (-15,5%-ке) қысқарып, 33,8 млрд АҚШ долларын құрайды.

«Бұл Covid-19 таралуы салдарынан халық пен бизнестің төлем жасау сұранысының төмендеуіне, сондай-ақ мұнай-газ секторында инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынының жоспарлы түрде төмендеуіне байланысты. Төлем балансының ағымдағы шоты жағдайының бұдан былайғы динамикасы шикізат нарықтарындағы жағдайға, кейінге қалдырылған сұранысқа және 2020 жылы «тоқтаудан» кейін инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге байланысты айқындалады», - деді ол.

Қазақстан коронавирусқа қарсы тағы миллиардтаған қаржы бөледі

Үкімет отырысында сондай-ақ Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметке 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырды.

«Өздеріңізге белгілі, алғашқы нақтылау коронавирус инфекциясымен күресуге және экономикалық белсенділіктің баяулауы жағдайында экономика мен бизнесті қолдауға бағытталған еді. Жалпы дағдарысқа қарсы шараларды және Президенттің жекелеген тапсырмаларын қаржыландыру үшін сол кезде бюджет шығыстары 1,4 трлн теңгеге ұлғайтылды. Екінші нақтылаудың міндеті COVID-19 вирусына қарсы күрес жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын жалғастыру және экономиканың нақты секторын қолдау болып саналады», - деді Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында.

Министр бюджеттің екінші нақтылауының параметрлеріне толығырақ тоқталып өтті.

«Республикалық бюджет түсімдері 185 млрд теңгеге ұлғайып, 12 трлн теңге көлемінде анықталды. Тапшылық жалпы ішкі өнімге 3,5% деңгейінде сақталды. Республикалық бюджеттің шығыстары 205 млрд теңгеге өсіп, 14,5 трлн теңгеге жетеді. Қосымша шараларды іске асыру үшін бюджет шығыстары жалпы сомасы 296 млрд теңгеге оңтайландырылды», - деді ол.

Ерұлан Жамаубаев бюджет шығыстарын өзгерту негізінен Президент Жолдауындағы мәселелер мен басқа да тапсырмаларын орындаумен байланысты бірқатар бағытты қамтитынын жеткізді. Атап айтқанда коронавирус инфекциясымен күрес бойынша жұмыстарға қосымша 238,7 млрд теңге бөлінген.

Осы қаражат шеңберінде келесі шаралар жоспарланып отыр: карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төлеледі. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде COVID–19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге 83,2 млрд теңге беріледі. Сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйлықақы үшін 11,7 млрд теңге аударылады.

Бюджет шығыстары неліктен ұлғайтылды?

Өз кезегінде Үкімет басшысының орынбасары Әлихан Смайылов елдегі қазіргі жағдайды және әлемдік коньюнктураны ескере отырып, 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің нақтыланғанын мәлім етті. Болжам өзгерістері нақты сектор өсімінің сақталуын және қызметтер саласының біртіндіп қалпына келуін қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нақтылаудың негізгі міндеті – дәрігерлерге материалдық қолдау көрсету және пандемияның таралуының ықтимал екінші толқыны бойынша алдын алу шараларын қабылдау болды. Осы міндеттерді шешу үшін бюджет шығыстары ұлғайтылған.

Сөз соңында Премьер-министрдің бірінші орынбасары қаржы жылының аяқталуына 55 жұмыс күні қалғанын еске салды.

«Нақтылауды ескере отырып, осы жылдың соңына дейін 4,2 млрд теңгені игеру қажет. Кейбір шығыстар бойынша әлі күнге дейін конкурстық рәсімдер аяқталмағанын көріп отырмыз. Жоспарланған бюджеттік бағдарламалардан басқа шұғыл мақсаттарға Үкімет резервінен қосымша 236 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда бар болғаны оның 111 млрд теңгесі немесе 47 пайызы ғана игерілді», - деді деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Ол сондай-ақ ведомстволар мен әкімдіктердің басшыларына ескерту жасады. «Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшылары бюджеттік бағдарламалардың тиімділігі мен нәтижелілігін қамтамасыз ете отырып, бюджет қаражатының уақтылы игерілу мәселесін ерекше бақылауда ұстауы қажет», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдады

Осылайша Үкімет мүшелері әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдады.

«Коронавирус пандемиясы салдарынан жаһандық экономикадағы жағдай күрделі күйде қалып отыр. Оның әсері еңбек өнімділігі мен өндірісіне де әсері ұзақ уақытқа созылады. Осы кезеңде біздің басым міндеттеріміз – алда да адамдар үшін дағдарыстың салдарын азайту және келешекте экономикалық залалдарды қысқарту. Осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмаларын, бұрын қабылданған бірқатар міндеттерді орындау үшін 2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджеттен коронавируспен күреске қосымша қаражат бөлу және экономиканың нақты секторын қолдау, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерді шешу үшін басым шығындар көзделген», - деді Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бюджеттің бұл параметрлері Мемлекет басшысымен келісілген. Осылай дей келе Премьер-министр Үкімет мүшелеріне ұсынылған әлеуметтік-экономикалық дамудың нақтыланған болжамын мақұлдауды және 2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетке дауыс беруді ұсынды. Үкімет мүшелері қолдап дауыс берді.

«Ұлттық экономика және қаржы министрліктері Премьер-министрдің кеңсесімен бірлесіп, заң жобасын және әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамын бүгінгі күннің соңына дейін Парламентке енгізсін», - деп тапсырды Асқар Мамин.


Соңғы жаңалықтар