Қазақстан былтыр 21,7 млрд доллардың шикізаттық емес тауарын экспорттады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Жұманғарин былтырғы жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Өткен жылдың 10 айының қорытындысы бойынша шикізаттық емес тауарлардың экспорты 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,8%-ға артып, 21,7 млрд долларға жетті. 2021 жылы оның көлемі 16,1 млрд доллар болған еді. Мұнымен қоса, 9 айдағы экспорттық қызметтер 31%-ға ұлғайып, 5,5 млрд доллар болды», - деді министр.

Оның айтуынша, биыл «Экспорттық-кредиттік агенттік туралы» ҚР Заңын қабылдау және экспорттық сауданы қаржыландыру тетіктерін дамыту жоспарланып отыр.

«Сондай-ақ, экспорт географиясын кеңейту бойынша экспорттаушыларға белсенді қолдау көрсетіп, тиісті шаралар қабылдауды жалғастырамыз. Кешенді жұмыстар негізінде 2025 жылға қарай Қазақстанның шикізаттық емес тауар экспортының көлемін 41 млрд долларға жеткізу көзделіп отыр», - деп түйіндеді Серік Жұманғарин.


Соңғы жаңалықтар