Қазақстан БҰҰ миссиясындағы үш әскери қызметшіні алмастырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Батыс Сахарадағы референдум жөніндегі миссиясында қызмет атқарып жүрген Қазақстанның үш әскери қызметшісі ауыстырылады. Бұл туралы ҚР СІМ-де өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«29 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шеңберінде Қазақстанның қатысуымен бірқатар маңызды іс-шара өтеді. Олардың ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Батыс Сахарадағы референдум өткізу жөніндегі БҰҰ миссиясының мандатын ұзарту туралы шешім жобасын қабылдау көзделген», - дейді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бес қызметкері БҰҰ-ның Батыс Сахарадағы референдум жөніндегі миссиясында қызмет атқарады.

«2018 жылдың соңына дейін үш офицерді ротация негізінде ауыстыру жоспарлануда, оның ішінде бір әйел әскери қызметкер бар», - дейді Айбек Смадияров.

Атап өтілгендей, Қазақстанға Батыс Сахарада референдум өткізу жөніндегі БҰҰ миссиясында алтыншы ваканттық қызмет ұсынылды. 

Соңғы жаңалықтар