Қазақстан БҰҰ электронды үкіметтерінде 28 орынға табан тіреді – Алик Шпекбаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан БҰҰ елдеріндегі электронды үкіметтер рейтингісінде 28-орынға табан тіреді. Бұл елдегі мемлекеттік қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлықтың жойылып бара жатқанын көрсетеді. Осындай ойымен Алматыда «Қазақстандағы құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстел барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Халықаралық шара Қазақстан Сарбонна институтында өтіп жатыр.

Агенттік төрағасы мемлекетте соңғы жылдары сыбайлас жемқорлыққа қарсы енгізілген бірнеше іс-қимыл пакеттері жайлы айтты.

Оның айтуынша, бірінші пакет бойынша антикоррупциялық сараптама қалпына келтірілген. Осы салаға байланысты қоғамның тікелей қатысуымен нормативтік құқықтық актілер қабылданды.

Екінші пакетте де аса маңызды шаралар қабылданған.

«Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарастырылған жауапкершілік күшейтілді. Туысқандардың бір ұйымда жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Сыйлық алуға тыйым салынды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерін, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін пара алуға итермелеген адамдарға жауапкершілік күшейтілді. Бұрынғы ескірген күрес тетіктерін жасанды интеллект, блокчейн, бигдата технологиялары алмастырып жатыр. Қазір цирфландыру аясында осы технологиялар енгізіліп жатыр. Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматқа ауыстырылған. Яғни, біз толығымен осы саладағы сыбайлас жемқорлықты жойдық десе де болады. Қазақстан БҰҰ электронды үкіметтері рейтингінде 28-орынға табан тіреді. Егер, элеткронды форматта көрсетілетін мемқызметтердің үлесі 90 пайызға жетсе, бұл елде сыбайлас жемқорлық жоқ деп санайды», - деді агенттік төрағасы.

Үшінші пакетте көрсетілген шараларға қатысты Мемлекет басшысы жақында жарлыққа қол қойды.

«Ол алдыңғы пакеттерге қарағанда сыбайлас жемқорлық үшін қарастырылған жазаны күшейтуге бағытталған. Әңгіме мемлекеттік қызметшілер мен депутаттардың, судьялардың шетелдік банктерде шотының болуына тыйым салыну туралы болып жатыр. Ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмысы үшін отырған тұлғалар уақытынан бұрын шартты түрде босап шыға алмайды», - деді А.Шпекбаев.

Оның айтуынша, келесі жылы сыбайлас жемқорлыққақарсы төртінші пакет іске қосылмақ.

«Ол халықаралық тәжірибедегі үздік стандарттарды енгізуге бағытталады. Атап айтқанда, жария қылушы тұлғаларды қорғау бойынша кешенді шаралар, адамгершілік принциптеріне негізделген «интегрити чек» тексеру институтын құру қолға алынады. Қазіргі таңда Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама күрделі модернизациялық кезеңнен өтіп жатыр. Былтыр жыл соңында біз Еуропа кеңесі, ГРЕКО елдерінің толыққанды 50-мүшесі болып қабылдандық», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар