Қазақстан БҰҰ-дағы цифрлану деңгейі жоғары 30 елдің қатарында – Президент

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Ресей» саммитінде Қазақстанның цифрлық әлеуеті туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта IT-технологияларды дамытусыз мемлекеттің тұрақты экономикалық ілгерілеуі мүмкін емес. Сарапшылардың болжамынша, 10 жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70% цифрлық платформалық модельдерге негізделеді. Мұндай жағдайда Қазақстан цифрландыруға қатысты аймақтағы, тіпті Еуразиялық кеңістіктегі жетекші елдердің бірі болу стратегиялық міндетін алға қойды. Қазір Қазақстан БҰҰ-ға мүше цифрлану деңгейі жоғары 30 елдің қатарына кіреді, бұл мәселеге ерекше көңіл бөлінеді», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президентінің айтуынша, Қазақстан осы салада белсенді өзара іс-қимыл жасауға және тәжірибе алмасуға дайын.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірлік жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады. АХҚО әлемдік қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен жаңа құралдарын қамтиды. Орталықта 64 елден 1400-ден астам компания тіркелген», - деді Қ. Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар