Қазақстан БҰҰ белгілеген тұрақты даму мақсаттарын қалай іске асырып жатыр

Фото: None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тұрақты даму мақсаттарын іске асыру бойынша екінші ерікті ұлттық шолуды таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰЭМ басшысы атап өткендей, Қазақстан ТДМ іске асырудың институционалдық базасын қалыптастыруға және дамытуға ерекше көңіл бөледі.

Елде мемлекеттік жоспарлау жүйесі тұрақты даму мақсаттарының 262 ұлттық индикаторын ескере отырып, іске асып жатыр.

Министрдің айтуынша, ҚР Орталық Азияда ең алғашқы болып дамуды қаржыландыруды бағалау бойынша жұмыс жүргізді.

Бағалау мемлекеттік бюджет тұрақты дамуды қаржыландырудың негізгі көзі болып қала беретінін көрсетті.

Сонымен қатар, жеке меншік сектор қаржыландыруды ұлғайту үшін үлкен әлеуетке ие.

«ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) іске асыру кезінде біз «ешкімді артта қалдырмау» маңызды қағидатын басшылыққа алып отырмыз. Әркімнің пікірі естілген жөн. Ел үшін басым ТДМ-ды талқылауға және айқындауға мемлекеттік билік органдарының, азаматтық қоғамның, қоғамдық бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жастар мен халықтың басқа да топтары тартылады», - деді Ә.Қуантыров.

Тұрақты даму мақсаттарының келесі бағыттары басым болып белгіленді: «кедейлікті жою», «жақсы денсаулық және амандық», «таза су мен санитария» және «лайықты жұмыс пен экономикалық өсу».

Бұдан басқа, Қазақстанда экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспары іске асырылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2021 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық экономиканың ЖІӨ (жалпы ішкі өнім) өсімі 4%-ға жетіп, жоспарлы қалпына келді.

«2022 жылдың алғашқы 6 айында елімізге инвестиция ағыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға артты. Халықаралық резерв 86,6 млрд долларды құрады», - деп нақтылады министр.

Бұл ретте жасыл бастамаларға да ерекше көңіл бөлінеді. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жаңа Экологиялық кодекс қабылданды.

Қалаларда сумен жабдықтау объектілеріне қолжетімділік 98,1%-ға, ауылдық жерлерде 93%-ға жетті.

«2060 жылға дейін көміртегі бейтараптықа қол жеткізу стратегиясы әзірленіп жатыр, ол қоршаған ортаға залалды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Тұрақты даму қағидаттары ESG стандарттары негізінде стратегиялар мен бизнес-модельдерге біртіндеп еңгізіліп жатыр», - деп хабарлады ҰЭМ басшысы.

Қазақстан өз алдына 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспорттың үлесін 45,7% деңгейінде қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін 20,6% арттыру, баламалы және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды 2050 жылға қарай 50% дейін ұлғайту және көмір тұтынуды біртіндеп азайту міндеттерін қойып отыр.


Соңғы жаңалықтар