Қазақстан БҰҰ аясында өз миссиясын абыроймен орындады - Бейбіт Атамқұлов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан БҰҰ аясында өз миссиясын абыроймен орындады. Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның қызметіне арналған Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2018 жылғы 31 желтоқсанда біз халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау үшін жауапкершілік жүктелеген БҰҰ-ның басты органы Қауіпсіздік Кеңесіндегі 2 жылдық мүшелігімізді аяқтадық. Біздің жұмысымыз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес мүшелеріне арнаған «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты саяси үндеуін толыққанды іске асыру мақсатында құрылды. Бұл құжат Мемлекет басшысының «Бейбітшілік. 21 ғасыр» манифесіне негізделіп жазылғаны белгілі. Қазақстан өз миссиясын абыроймен орындады деп нық сеніммен айта аламын. Біз Мемлекет басшысы белгілеген барлық басымдықтарды іске асырдық, ал еліміздің жауапты және қағидаттық ұстанымы халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды», - деді ведомство басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл істе барлық мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді жұмысы атқарылғанын жеткізді. Осы орайда Б. Атамқұлов Сыртқы істер министрлігі атынан Парламент депутаттарына нысаналы заң шығару жұмыстары үшін, сонымен бірге халықаралық алаңдарда көрсеткен белсенді саяси қолдаулары үшін алғыс айтты.

«Біздің БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесіне мүшелігіміз жаһандық саяси процестердегі шиеленістердің бұрын-соңды болмаған деңгейіне және әлемдік державалардың арасындағы қайшылықтардың асқынуы кезеңіне дөп келді. Өзара сенімнің терең дағдарысы мемлекеттердің келісімге келу қабілетіне және тұтастай Кеңес жұмысы тиімділігіне теріс әсер етті. Таяу Шығыстағы, Сириядағы, Африкадағы шиеленісті дағдарыстар мен қақтығыстар, Корей Халық Демократиялық Республикасы, Иран мен Украинадағы және басқа де елдердегі жағдайлар біздің сыртқы саяси тәсілдемелеріміздің беріктігіне әлденеше рет жасалған сын болды. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында өзара тиімді ымыраны іздеуге бағытталған теңгерімді әрі бейбітсүйгіш сыртқы саясатымыз мемлекетімізді стратегиялық жағынан сауатты көрсетуге мүмкіндік берді», - деді Б. Атамқұлов.

Осы орайда министр ядролық державалармен әріптестіктің жаңа қырлармен жүргізілгенін, Қазақстанның саяси беделі күшейгенін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына тұрақты емес мүше ретінде табысты жұмысына байланысты құттықтаулар айтылуда.

Соңғы жаңалықтар