Қазақстан бүкіл ислам әлемі үшін зор маңызға ие - Джибути Президенті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Джибути Республикасының Президенті Исмаил Омар Геллемен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесуде Мемлекет басшысы Джибути Республикасының Президентін Ислам қаржысы жөніндегі жаһандық сыйлыққа ие болуымен құттықтады.

«Сіздің сапарыңыз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуімен тұспа-тұс келді. Еліңіз тәуелсіздіктің 40 жылдығын атап өтті. Сіз бүгінгі сыйлыққа лайықтысыз. Мен сізді құттықтаймын», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Африка елдерімен ынтымақтасуға зор мән беретініне тоқталып, Джибути Республикасының Африка құрлығында маңызды логистикалық орта саналатынын атап өтті.

Исмаил Омар Гелле кездесуге ризашылық білдіріп, бұл оның Астанаға келген екінші сапары екенін айтты.

«Мен мұнда алғаш рет 2011 жылы болдым. Сол уақыттан бері Қазақстанның қарқынды дамып, Астананың таңғаларлықтай өзгергенін атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан бүкіл ислам әлемі үшін зор маңызға ие болып отыр», - деді Джибути Республикасының Президенті.

 

Соңғы жаңалықтар