+7 (701) 759 90 19
USD 424.99 EUR 504.21
RUB 5.81 CNY 65.66
Jańalyqtar

Қазақстан бойынша 2 млрд тал егуге 82 млрд теңге жұмсалады

2021 жылғы 15 маусым 13:04
Бөлісіңіз:
Қазақстан бойынша 2 млрд тал егуге 82 млрд теңге жұмсалады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін ел аумағында 2 млрд тал егу жоспарланған. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекованың айтуынша, бұл іске бюджеттен жалпы жиыны 82 млрд теңге қарастырылып отыр. деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар
Синоптиктер Қазақстан қалаларындағы ауа сапасы туралы айтты 2 млрд түп ағаш отырғызу: Әрбір қазақстандық ұсыныс жасай алады 6 жасар қазақстандық өнерпаз табиғатты қорғауға шақырып, ән шырқады

Бұл туралы ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Кешенді жоспар аясында облыстық әкімдіктердің, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, орман ресурсын пайдаланушылардың, халықаралық донорлардың, табиғат пайдаланушылардың және өзге де бастамашы топтардың күшімен орман егу жоспарланып отыр. Орман егу шарасы және оның көлемі облыстар бойынша пысықталды. Ол үшін ғылыми негіздеме ұсынымдар мен салалық талаптар бекітілді», - деді вице-министр.

Ведомство өкілінің айтуынша, биыл жыл соңына дейін жаңадан егілген талдар саны 60 млн болуы керек. 2025 жылға дейін осы қарқын үдеп отырады.

«Биыл көктемде ел бойынша 21 600 гектар алаңға 81 млн 510 мың түп тал егілді. Күзде 48 млн 200 мың тал егілмек. Егілген талдар саны жыл сайын өсіп отыратын болады. Келесі жылы 244 млн, 2023 жылы 411 млн, 2024 жылы 573 млн және 2025 жылы 643 млн тал егіледі. Көбінесе сексеуіл, қарағай, үйеңкі, шегіршін, қайың және тағы басқа ағаш түрлерін отырғызу жоспарланған», - дейді Әлия Шалабекова.

Министрдің орынбасары аталмыш мақсатқа бөлінетін қаражаттың қай көздерден алынатынын да атады.

«2 млрд ағаштың 1,5 млрд данасы облыстық әкімдіктердің үлесіне келеді. Орман қорын пайдаланушылар мен халықаралық донорларға шамамен 200 млн дана және Орман шаруашылығы комитетіне бағынышты органдарға 300 млн тал егу қажет. Жобаны қаржыландыру республикалық бюджет есебінен де, жергілікті бюджет есебінен де іске асады. 5 жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 60 млрд теңге жұмсалады. Қаражат тиісті техника мен құрылғылар сатып алуға керек. Тапсырманы орындау үшін тракторлар, тал егу машиналары, топырақ қопсытқыш құрылғылар алынады. Елдегі тәлімбақтардың ауданы кеңейтіледі», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, 2 млрд ағаштың 300 млн данасын тұқым себу арқылы, 1,7 млрд данасы көшет түрінде егу жоспарланып отыр. Биылдың өзінде жергілікті бюджеттерден 6 млрд теңге, республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінген.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Есімжан Нақтыбай

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT