Қазақстан болашаққа көз тігеді - ресейлік телеарнаның арнайы репортажы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің танымал «Россия 24» телеарнасы «Қазақстан болашаққа көз тігеді» атты арнайы репортаж жариялады.

Репортаж аталған телеарнаның тілшісі Роберт Францевке Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген сұхбаты негізінде құрылған. Ұлт көшбасшысы сұхбат барысында Астанада жүргізілген ауқымды құрылыстың тарихынан сыр шертіп, Қазақстан астанасының маңайын жасыл аймаққа айналдыру, елдің бітімгерлік мақсаттары мен ел экономикасын модернизациялау процесі, индустриалды-инфрақұрылымдық даму бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындысы туралы айтып берді.

Тілші өз сөзінде Астананы қазіргі Қазақстанның басты символына теңеп, әлемдегі ең жас астана екенін ерекше атап өтеді. Көркі келіскен шаһар - Қазақстан халқының Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктерінің айғағы. Бар болғаны жиырма жылға жуық уақыттың ішінде республиканың бас қаласы Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған басты шаһарға айналды. Бүгінгі Астана - Орталық Азия елдерінің мәдени орталығы. Маңызды саяси шешімдер де осы жерде қабылданады. Дәл осы жерде ШЫҰ өрісінің тарихи тұрғыда кеңеюі жүзеге асып, сириялық дағдарыстың шешілуінен үміт пайда бола бастады. Бүкіл посткеңестік елдердің ішінде Астана бірінші болып Бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесін өткізіп отыр.

Қазақстандық феноменнің ауқымына лайықты баға беру үшін репортаждың авторы қарқынды түрде дамып келе жатқан мегаполистен тыс жұмыстарға назар аударады. Көкжиекпен ұштасқан далаға көз жүгіртіп-ақ Қазақстанның жаңа астанасының іргесін көтерген құрылысшылардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Тіке айтқанда: олар жоқты бар етті. Бұл - иен жатқан даланың алып шаһарға айналып кетуі ғана емес, қоршаған ортамен үйлесіп жатқан түрлендіру амалына жасалған тың қадам, бұл басты бағыт пен қарқынды түрде дамудың кепілі.

«Бәлкім, басты кереметі - алып даладағы миллион халқы бар қала болуында емес, оны қоршап тұрған ғажаптықта болар», - дейді тілші. - «Жолдар мен театрларды, үйлерді, бизнес-орталықтар мен әуежайларды салуға болар, бірақ осының бәрін жанға жайлы түрде үйлестіру, шынында да, өте жауапты жұмыс. Табиғатпен ортақ тіл табыса білу керек. Ал бұл өте оңай емес. Тарихқа үңілсек, табиғаттың заңдылығына қарсы шыққан, мәселен, өзеннің арнасын бұрған, шөл даланы немесе тыңды игерген көптеген мысалдарды білеміз. Ал қазақстандықтардың генетикалық жадында табиғатқа деген ерекше құрметі бар».

Астананың маңайындағы жасыл белдеудің дамуымен қатар, елдің құрылуын сипаттаған телеканал тілшісі Мемлекет басшысының Астанада отырғызған тұңғыш бір түп ағашы туралы сауал қояды.

«Әлбетте, мен бұл ізгі іске өзім де атсалыстым. Біріншіден, биыл  бұрынғы Ақмоланың Қазақстанның астанасы ретінде жарияланғанына 20 жыл толады. Астана көшірілгенде жазғытұрым жаңа қаланың маңайын орманға айналдыру туралы ойымды айттым. Мұнда бұрын жеткілікті дәрежеде зерттелмей тың игерілгендіктен, жер қыртысы қопсып, желмен көтеріліп, бүкіл дала шаңға бөгіп жатқан. Алғашқы жылдары Астанада жағдай дәл осындай еді. Бүкіл қаланы шаң басып тұратын. Бүгінгі таңға дейін 78 мың га аумаққа ағаш отырғызылды. Бұны 100 мың га аумаққа дейін өсіруді мақсат тұтып отырмыз», - дейді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Президент астананы ауыстыру турасындағы депутаттардың күдік-күмәні туралы да сөз қозғады.

«Мақсаты айқын жаңа мемлекет бүкіл әлемге өзінің мүмкіндіктерін көрсету керек болатын. Мен тәуекел еттім. Көмбеге бәрін тіктік - оның ішінде елдің саяси келешегі де бар еді. Алға басу керек болды. Біз жеңдік. Мен бірде-бір сәтке күмәнданған емеспін», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның бітімгерлік бағытын айта келіп Нұрсұлтан Әбішұлы елдің көпвекторлы саясаты туралы еске салып өтті.

«Біз территориясы ауқымды, 18 миллион халқы бар шағын мемлекетпіз. Барлық көрші елдерге қарым-қатынасымыз бірдей. Қазақстанның ішінде жүздеген ұлт бар. Олардың барлығына жайлы жағдай жасалған. Сондықтан, кейде бізден қолдау білдіруді де сұрап жатады», - дейді ол.

Елбасы Ресей мен Украина президенттерінің арасында келісім жүргізу мақсатында делдалдық рөлі туралы сөз қозғады.

«Мен Украинаны жақсы білемін. Тіпті украиналықтардың жан сырын да аңғаратын секілдімін. Ол жақта оқыдым. Достарым да көп. Украиналықтарды мейірімді әрі көрікті халық ретінде, өз тарихында көптеген қиындықтарды бастан өткізген, бейбітшілікте өмір сүруді қалайтын ел деп есептеймін. Ресей де дәл сондай. Айналып келгенде екеуін бір ел деп білеміз. Бауырлас елдің мәдениеті де ортақ. Бірге соғысты, бірге бастан қайғы кешті, бірге ашықты. Бәрімізге келісім керек еді, бірақ аяқ астынан дау туды. Сондықтан, мен өзімнің көмегімді ұсындым, Киевке келдім, одан ары Берлинге ұшып барып, Меркель ханыммен кездестім. Содан кейін Франция президенті бізге келді, мен оған қайтар жолда Владимир Владимировичпен кездесуін өтіндім. Екеуі Мәскеуде жүздесті. Содан кейін Мәскеуге бардым. Осының арқасында Минскте кездесу ұйымдастырылды. Бұл жиын Астанада өтуі керек еді, бәрі де келісімін берген. Еуропада бір процестер болып жатқандықтан, Меркель маған қоңырау шалып: «Біз Минскте бас қоссақ, жақсы қабылдайсың ба?» - деді. Мен болсам: «Айырмашылығы жоқ. Қайда өтетіні маңызды емес, нәтижесі маңызды», - деп жауап бердім. Сондықтан, мен сонда бардым да, сол жақта Ресей басшысы президент Порошенкомен бірінші рет әңгімелесті. Мен байыпты түрде әңгіме өрбісе бәрі шешілер деп ойладым. Мәселенің қайдан шыққанын жақсы білемін. Бірақ, кез келген соғыс бейбітшілікпен аяқталады ғой. Дұрыс па?» - дейді Ел Президенті.

Президент Ресей мен Түркия арасындағы қақтығыс турасында да айтып берді.

«Оларды ортақ шешімге келуге көндірдім. Сирия бойынша Ресей, Түркия мен Иран арасындағы сирияаралық кездесуді Астанада өткізу туралы ұсыныс келіп түсті. Бұл жағдай Сирия жақтың да қарсылығын туындатқан жоқ. Олармен біздің де келіспеушілігіміз болған емес. Иранмен де бізде кикілжің болмаған. Кездесулер өтіп жатыр. Тұңғыш рет сириялық үкімет пен қаруланған оппозиция келісімге келу үшін бір үстелге отырып, нәтижесінде соғыс тоқтап, бейбітшілікке қадам жасала бастады.

Астана әуежайына ел Президентінің құрметіне «Нұрсұлтан Назарбаев» атауы  берілуіне орай тілшінің сұрағына жауап берген Мемлекет басшысы:

- Бұл менің бастамам емес. Мен ылғи да бұндай бастамаларға қарсы болып келдім. Бірақ бұндай ұсыныс қайт-қайта алдымнан шыға береді. Соған қарағанда, адамдар атқарылған жұмысты көріп, соған ризашылығы мен алғысын білдіргісі келетін секілді, - деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. - Кез келген саясаткер, Мемлекет басшысы тарихта атқарған ісімен қалуы керек. Баға беретін біздің буын емес, келер ұрпақ. Мен ұлы философ, Рим императоры Марк Аврелийдің «Сіздің неге әлі күнге ескерткішіңіз жоқ?» деген сұраққа: «Мен кейін адамдар мына ескерткіш кімнің ескерткіші деп сұрағанын қаламаймын. Керісінше, «мына адамға неге әлі ескерткіш қойылмаған?» - деп сұрағанын қалаймын», - деген жауабын жиі есіме аламын.

Президент сөзін осылай түйді.

Соңғы жаңалықтар