Қазақстан бочча федерациясы Халықаралық федерация құрамына енді

None
Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан бочча федерациясы ресми түрде Boccia International Sports Federation (BISFed) – Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұйымның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық федерацияға мүше болу қазақстандық ерекше спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Енді отандық федерацияның өкілдері бочча бойынша челленджерлер, әлем чемпионаттары, Паралимпиада ойындары, Азия паралимпиада ойындары сияқты халықаралық жарыстарға қатыса алады.

Биыл Қазақстан бочча федерациясы ұлттық құраманың 8 мүшесіне үш халықаралық жарысқа, нақты айтқанда екі халықаралық челленджерге және Азия паралимпиада ойындарына қатысуға өтінім беруді жоспарлап отыр. Азия Паралимпиадасы 2023 жылдың қазан айында Қытайда, ал Паралимпиада 2024 жылы Парижде өтеді.

«Бұл – инклюзивті спорт түрлерінің дамуына мүдделі кез келген адам үшін үлкен жеңіс. Осылайша, мүгедектігі бар спортшыларға жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Біздің жарыстарымызға көбіне ерекше балалар қатысады. Енді олардың алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер пайда болды. Сондай-ақ, жас спортшылар үшін бұл ортаға бейімделуге, дос табуға және жаңа тәжірибе алуға зор септігін тигізеді. Халықаралық федерацияға мүше болу біздің ерекше спортшыларымыздың деңгейі мен еңбегінің әлемдік деңгейде мойындалуы екені сөзсіз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы және Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, биыл маусым айында Қазақстан бочча федерациясы ел чемпионатын өткізеді. Соның нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы жасақталады.


Соңғы жаңалықтар