Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 28-орында - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында. Бұл туралы бүгін «DoingBusiness» рейтингінде Қазақстанның позицияларын жақсарту мәселелері талқыланған Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында біздің алдымызға экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестицияларды тарту, бизнес ахуалды жақсарту бойынша нақты міндеттер қойды. Үкімет осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы жылдың сәуірінде Парламент кезекті 7-ші заңнамалық түзетулерді қабылдады. Бұл өзгертулерде құрылыс саласында «бір терезе» қағидатын енгізу, келісімшарттарды орындау мәселесін оңтайландыру, салық салу аясында реформаларды іске асыру шаралары бар. Кәсіпкерлер арасында түсіндіру бойынша үлкен жұмыс атқарылды», - деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, қазіргі кезде Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша әлемнің 190 елі арасында 28-орында. Жалпы, бұл рейтинг бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдетуге бағытталған реформалардың қаншалықты тиімді екенін көрсетеді.

«Бұл, әрине, елдің инвестициялық тартымдылығына ықпал етеді және инвесторлар үшін жаңа жобалар мен өндірістерді құруға қатысты мүмкіндіктерді беру құралы болып саналады», - деді ол.

Премьер-Министр Дүниежүзілік банктің еліміздің қалалары мен өңірлерде бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінің қорытындысы бойынша Алматы қаласы мен Маңғыстау және Ақтөбе облыстары әкімдіктері тиімді жұмыс жасағанын атап өтті.

«Енді осы реформаларды өңірлерде сапалы және уақытылы іске асырудың маңызы өте зор. Әрбір әкім олардың іске асу нәтижесіне жауапты болады. Осы ретте мұндай маңызды тәжірибені басқа да халықаралық рейтингтерде қолдану қажет», - деді Асқар Мамин.



Соңғы жаңалықтар