Қазақстан биылғы жылдың І тоқсанында Германияға 300 мың тонна мұнай жеткізеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылдың І тоқсанында Германия Федеративті Республикасына 300 мың тонна көлемінде мұнай тасымалдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоға сілтеме жасап.

«ҚазТрансОйл» АҚ Ресей Федерациясы Энергетика министрлігінен 2023 жылдың I тоқсанында «Транснефть» ЖАҚ магистральді мұнай құбыры арқылы «Адамова застава» мұнай бекетімен әрі қарай Германияға 300 мың тонна көлемінде қазақстандық мұнайды жеткізу бойынша растау қағазын алды.

Бұл жөнінде Ресей Федерациясының Энергетика министрлігі бекіткен ТМД мүше мемлекеттерінің мұнайын Ресей Федерациясы аумағы арқылы мұнай құбыры жүйесімен өтетін транзит кестесі жазбасында айтылған.

Мұнайдың аталмыш транзиті Қазақстан және Ресей үкіметтері арасында 2002 жылғы 7 маусымда жасалған арнайы келісімшарт негізінде іске асады.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында «ҚазМұнайГаз» Қазақстаннан Германияға мұнай жеткізу үшін қандай бағыттар қарастырылып жатқанын айтқан еді.

Кейін «ҚазТрансОйл» АҚ 2023 жылы Германияға 1,2 млн тонна қазақстандық мұнайды жеткізу үшін «Транснефть» компаниясына өтінім берілгенін хабарлады.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Германияға жылына 6 млн тоннаға дейін мұнай экспорттай аламыз.


Фото: kaztransoil.kz


Соңғы жаңалықтар