Қазақстан биыл қанша уран өндіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан биыл 23 мың тоннаға жуық уран өндіреді. Бұл туралы бүгін ҚР Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Уранның әлемдік нарықтағы күрделі жағдайына қарамастан біз уран саласында оны өндіруші көшбасшы позициямызды сақтап қалуға ниеттіміз. Қазіргі уақытта уран ұсынысының артық екендігі байқалады және бұл тренд жалғасып отыр. Жоспарлы көрсеткішке сай 21 699 тонна уран өндірілді. Бұл жылғы уран өндіру жоспары -22 742 тонна», - деді ол.

Оның айтуынша, айтарлықтай мол уран қорының болуы - Қазақстанның басымдығы саналады. Сондықтан ядролық отын циклінің барлық негізгі сегменттерін дамыту арқылы атом саласының жалпы қосылған құнын арттыру және өзіндік ресурстық базаны барынша қолданылатын атом энергетикасын құру - министрліктің басты мақсаты болуы тиіс. Осы ретте Қ.Бозымбаев өз орынбасарына нақты тапсырма жүктеді.

«Вице-министр Сұңғат Есімханов пен Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Батыржан Қаракөзов ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында атом саласындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілік мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізуді қамтамасыз етуі тиіс», - деді Қ.Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар