Қазақстан бітімгерлік ротасын Ливанға қазан айында жібереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Үндістанмен бірге Ливанда өз контингентін орналастыру және БҰҰ қазақстандық «КАЗЦЕНТ» бітімгерлік оқу-жаттығу орталығын сертификаттауы арқылы БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына өз үлесін арттыруға ниетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің БҰҰ-ның бітімгерлік қызметін реформалау жөніндегі отырысында мәлімдеді.

ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәдліметінше, отырыс барысында Қазақстан Елшісі сапалы өзгерістерді, БҰҰ-ның бітімгерлік жүйесін бағалаудың инновациялық тәсілдері мен жаңа критерийлерін қолдану қажеттілігін атап өткен. Ол бітімгерлік қызмет тиімділігін арттырудың негізгі шарттарының бірі ретінде БҰҰ-ның барлық құрылымдарының үйлестігін нығайту және есеп беруді қамтамасыз етуге назар аударды.

«БҰҰ-ның бітімгерлік қызметі процесіне жаңа елдердің белсенді жұмылдырылуы және қатысуы, соның ішінде өз құрамын орналастыру арқылы БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына жаңа энергия және тиімділік беретініне сенеміз», - деді Қ. Омаров.

null Оның айтуынша, бұл үдеріс БҰҰ миссияларының беделі мен тиімділігін сондай-ақ елдердің, өңірлік ұйымдардың және бүкіл әлемдік қауымдастықтың ынтымақтастығы мен ұжымдық жауапкершілігін арттырады.

Сонымен қатар, Қазақстандық делегация басшысы қақтығыстарды болдырмау мен оларды шешуде өңірлік құрылымдар арасындағы  ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, даулардың алдын алу мен олардың түбегейлі себептерін алдын ала ескеру бойынша Қазақстан ұсынған үшжақты стратегияны еске салды.

Стратегия халықаралық қауымдастықтың тұрақтандыру шараларының тиімділігін арттыру мақсатында қауіпсіздік пен дамудың өзара байланысын күшейту, өзекті мәселелерді шешуде стратегиялық өңірлік тәсілді қолдану және жергілікті қолдаудың тиімділігін арттыру мен ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында БҰҰ-ның түрлі құрылымдары мен агенттіктерінің үйлестіруін нығайту үшін әлеуетті құруға негізделген.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында БҰҰ Бас хатшысының Бітімгерлік операциялар жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруа сөз сөйледі. Ол озық әскери әлеуетке ие елдерді БҰҰ-ның миссияларына бітімгерлік күштер мен жабдықтарды жіберуді және логистикалық қолдауды көрсетуді және бітімгерлік дайындықты күшейтуге шақырды.

Қазан айының соңында Қазақстан Үндістанның бітімгерлік күштерімен бірге БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштеріне 120 әскери қызметшілерден құралған бітімгерлік ротаны жібереді.

БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күші 1978 жылы наурызда Ливан үкіметіне елдегі билікті қалпына келтіруге көмектесу және осы елден Израиль әскерлерінің шығарылуын растау үшін құрылған. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлік миссиясында 42 елден 10 мыңнан астам әскери қызметін өтеуде.

Соңғы жаңалықтар