Қазақстан бітімгерлері қазір қай елдерде миссияларын атқарып жүр

Фото: Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2014 жылдан бастап БҰҰ-ның бірқатар елдегі миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде 60-қа жуық қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде 6 әйел қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

29 мамыр – БҰҰ Халықаралық бітімгерлер күні. Бұл күн 1948 жылы «Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік шарттарының орындалуын бақылау органы» деп аталатын бітімгерлік операциясының басталуына сәйкес келеді. Дәл осы күні 2002 жылы ресми түрде БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы құрылды.

Қазақстан СІМ-де БҰҰ-ның алғашқы бітімгерлік миссиясының құрылғанына 75 жыл толуына орай ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдерінің, БҰҰ еліміздегі өкілдігінің және шетелдік дипломатиялық корпустың қатысуымен шара өтті. Онда ұйымның миссиялары аясында отандық бітімгерлердің қызметіне жоғары баға берілді.


2000 жылы «Қазақстан бітімгерлер батальоны» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы Үкімет қаулысы қабылданған. Сол жылы Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бойынша бітімгерлік қызметін бастады.

2003 жылдың тамызында Иракқа 27 адамнан тұратын «Қазбаттың» алғашқы инженерлік-саперлік жасағы барды. Бес жыл ішінде қазақстандық бітімгерлер 4 миллионнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш құрылғыларды залалсыздандырды. Осы уақыт ішінде олар жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп, мұқтаж жандарға медициналық көмек көрсетті.


2014 жылдан бастап БҰҰ-ның Кот-д' Ивуар, Батыс Сахара, Ливан, Орталық Африка Республикасы және Малидегі миссияларына штаб офицерлері мен әскери бақылаушылар ретінде 60-қа жуық қазақстандық әскери қызметші, оның ішінде 6 әйел қатысты.

Еліміздің бітімгершілік әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам 2018 жылы БҰҰ мандаты негізінде әрекет еткен алғашқы қазақстандық ротаны Ливанға жіберу болды. Бес жыл ішінде ұлттық бітімгерлік контингентінің жеке құрамы 8 мәрте ротацияланды.

Қазіргі уақытта Ливанда – 9, Батыс Сахарада – 6, Малиде және Орталық Африка Республикасында 2 қазақстандық әскери қызметші миссиясын өткеруде.

Бітімгерлерді даярлау Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығының базасында жүзеге асырылады.


Соңғы жаңалықтар