Қазақстан бітімгерлері 22 жылда қандай елдерге көмектесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жыл сайын 29 мамырда Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық бітімгерлер күні атап өтіледі. 2002 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының қарарымен бекітілген бұл күні бітімгерлердің бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі бағаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның Қарулы күштері бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға белсенді түрде қатысып келеді.

Еліміздің әскери қызметшілерінің Біріккен Ұлттар Ұйымы аясындағы миссия тапсырмаларын орындауы бейбітшілікті қалайтын елдің сыртқы саясатын айқындайды.

2000 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның бітімгерлік батальоны құрылды.

Ал 2003 жылы қарқынды дайындықтан өткен «Қазбаттың» әскери қызметшілері Ирактағы бітімгерлік миссиясына кірісті.

Операцияға қатысқан бес жыл ішінде жеке құрам он мәрте ротацияланды. Миссияға барлығы 270-тен астам әскери қызметші қатысты.

Иракта елден барған мамандар 4,5 млн астам оқ-дәріні, оның ішінде миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойды.

Негізінен террористік шабуылдан зардап шеккен жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетті. 6700 текше метрден астам суды тазартты.

2014 жылдан бастап Қазақстанның өкілдері Батыс Сахара мен Кот-д'Ивуардағы миссияларда штабтық офицерлер мен әскери байқаушылар ретінде қызмет етті.

2018 жылы Қазақстан контингенті мен штабтық офицерлер мандаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштерінің миссиясына (UNIFIL) жіберілді.

Осы уақыт ішінде 6 ротация жүргізілді. Оған 500-ден астам әскери қызметші қатысты.

Батыс Сахара мен Ливандағы БҰҰ-ның миссияларына штабтық офицерлер мен әскери байқаушылар рөлінде қазақстандық әскери қызметші әйелдер, полковник Диля Ахметова, подполковниктер Шолпан Тауышева мен Сәбина Мұзалинова, майор Римма Шәкеева, капитан Айжан Жасұзақова да қатысқанын атап өткен жөн.

Қазіргі уақытта Батыс Сахарада капитан Мәдина Камалетдинова қызмет етіп жүр.

Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына ел әскери қызметшілерінің қатысу ауқымын кеңейту жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау үстінде.

Қазақстан ағымдағы бітімгерлік миссияларға барынша қажет саперлердің, әскери медиктердің, барлау және әскери полицияның арнайы бөлімшелері барады деп отыр.

Бұдан өзге 2022 жылғы 16 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер басшыларының мерейтойлық саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қосу туралы бастама көтерген болатын.

Бұл қадам ҰҚШҰ-ның құқықтық субъектілігін нығайтып, ұйымның бейбітшілікті қолдау жөніндегі халықаралық операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді.

Біздің елдің бітімгерлік қызметі қарулы қақтығыстардың алдын алуда және оларды тоқтатуда халықаралық қоғамдастыққа жәрдемдесуге арналған.


Соңғы жаңалықтар