Қазақстан Бішкектегі қайырымдылық жәрмеңкесіне қатысты

None
БІШКЕК. ҚазАқпарат – Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері мен астанасындағы олардың отбасы мүшелері «Наурыз мейрамын» тойлауға арналған аспаздық және кәдесый өнімдерінің дипломатиялық жәрмеңкесіне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Бішкек әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған іс-шара алай қырғыздарының патшайымы – Құрманжан Датқа ескерткіші алдындағы аллеяда өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей, Қытай, Жапония, Швейцария, Франция, Германия, АҚШ, Түркия, Оңтүстік Корея, Иран мен Үндістан өкілдіктері сынды 14 шетелдік дипломатиялық миссия, сондай-ақ өз өнімін таныстырған жергілікті тауар өндірушілер мен қырғыз қолөнершілері қатысты.

Жәрмеңке қонақтары әлемнің түрлі елдерінің тағамдары мен сусындарынан дәм татты, оларға эбру, яғни судың бетіне сурет салып, содан кейін оны қағазға түсіру тәсілін үйрететін шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қолөнер жұмыстары мен қырғыз өндірушілердің экоөнімдері көрсетілді.

Ұлттық деликатес пен кәдесыйлар қойылған қазақтың шатырының маңында шетелдіктер ұлттық астан сүйсіне дәм татты.

«Бүгін Қазақстан елшілігі Қырғызстанда аккредиттелген дипломатиялық корпуспен бірге қайырымдылық жәрмеңке-көрмесіне қатысып, кәдесый мен ұлттық тағамдар сатылымын ұйымдастырды. Біздің ас мәзірімізде шұбат пен қымыз, асылған ет, қуырдақ, бауырсақ, самса, жент, ірімшік, құрт, мерекелік наурыз-көже мен басқа да отандық өнімдер болды. Тәтті тағамдарды дипломаттарымыздың отбасы мүшелері өз қолдарымен дайындаған. Аспаздық және кәдесый өнімдерін сатудан жиналған ақшаның бәрі қырғыз тарапының қайырымдылық қорына аударылады. Бүгінгі акция ізгілікке шақыратын әрі танымдық іс. Болашақта коронавирус пандемиясы сияқты басқа да жайсыз жағдайлар мұндай жақсы істерге жұмылуға кедергі келтірмейді деп ойлаймын», - деді ҚазАқпараттың меншікті тілшісіне сұхбат берген Қырғыз Республикасындағы ҚР елшілігінің кеңесші-елшісі Асхат Сыздықов.


Соңғы жаңалықтар