Қазақстан біріншілігіне қатысып жатқан боксшылар допинг бақылауынан өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Ақтауда бокстан Қазақстан чемпионатына қатысып жатқан боксшылар допинг бақылауынан өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының кешенді ғылыми тобының үйлестірушісі Ғалия Біләлова мәлім етті.

Осы жұмысты тыңғылықты атқару үшін Допингке қарсы ұлттық орталық қызметкерлері Ақтауға ат басын бұрған. Олар спортшылар арасында ішінара тексеріс жүргізбек.

Допинг мәселесі жан-жақты талқыланған семинарға барлық облыстардың аға жаттықтырушылары қатысты. Оларға Бүкіләлемдік допингке қарсы агенттіктің 2019 жылдан бастап тыйым салған препараттар тізімі туралы баяндалды.

Сонымен қатар, бапкерлер мен спортшыларға допингтік тексеру кезінде қандай жайттарға назар аудару керектігі айтылды. Мұндай семинарлар облыс өкілдері үшін жыл сайын ел біріншілігі кезінде өткізіліп тұрады. Ал ұлттық құрама мүшелері әр оқу-жаттығу кезінде осы тақырыпты талқылайды.

«Қазақстанның бокс федерациясы допингке мүлде төзбеушілік саясатын ұстана отырып, облыстар мен аудандардағы бапкерлер арасында да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрады. Кез келген спортшы допинг офицерлерінің табан астынан болатын тексеруіне дайын болуы тиіс. Оны еліміздің намысын қорғап жүрген біздің спортшылар жақсы түсінеді», - дейді Ғалия Біләлова.

Соңғы жаңалықтар