Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктеріне уран жеткізбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен Emirates Nuclear Energy Corporation (ENEC, БАӘ) компаниясы арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Қоғаммен байланыс департаменті хабарлайды.

Меморандумның мақсаты - Қазақстан мен Араб Әмірліктері арасындағы бейбіт атом және энергия өндіру саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қалыптастыру.

Сондай-ақ, меморандумда БАӘ-ның атом станциялары үшін табиғи уран жеткізу, отын фабрикациялау бойынша Қазатомөнеркәсіптің өндірістік кәсіпорындарын пайдалану, жаңа ядролық қондырғылар құрылысында өзара қолдау көрсету, тәжірибе алмасу сияқты ынтымақтастықтың басқа да бағыттарындағы ниеттестік көрініс тапқан.

Құжатқа Қазатомөнеркәсіп тарапынан ұлттық атом компаниясының Басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов, ENEC жағынан Аға атқарушы директор Мохаммед Аль Хаммади қол қойды.

Айта кетейік, ENEC - Біріккен Араб Әмірліктерінің атом энергиясы жөніндегі корпорациясы. Корпорация 2009 жылғы желтоқсанда БАӘ атом энергиясы секторын дамыту, елдегі атом станцияларының құрылысын және одан кейінгі жұмысын бақылау мақсатында құрылған.

Ал, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ - Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары - геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру және конструкциялық материалдар өндірісі. Бүгінгі таңда компанияда 26 000-нан астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

Соңғы жаңалықтар