Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын экологияландырудың катализаторына айналады - Айгүл Соловьева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын экологияландырудың катализаторына айналады. Бұл туралы бүгін XII Астана экономикалық форумы барысында «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы Айгүл Соловьева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде Орталық Азия елдері үшін ауыл шаруашылығын климаттық өзгерістерге бейімдеу мәселесі барынша өзекті болып отыр. Жасыл технологиялар, экологиялық сертификаттау мен таңбалау үшін халықаралық стандарттарды дамыту қажет. Маңызды тренд - «Жібек жолын» жасыл дамыту. Орталық Азия елдері Қытайдан Еуропаға Жібек жолының маңызды буыны саналады, зор табиғи-ресурстық, энергетикалық, транзиттік, туристік әлеуетке ие. Қытай «Жібек жолының жасыл даму коалициясы» тұғырнамасын құруды ұсынды. Оған елдердің үкіметтік емес ұйымдарын да шақырып отыр. Келешекте Қазақстан мен Орталық Азия «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын экологияландырудың катализаторына айнала алады және Қытайдың «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына қатысуын ұйымдастыру керек», - деді ол «Орталық Азия мен Қазақстандағы тұрақты «жасыл» өсімді қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбындағы сессия барысында.

Осы ретте қауымдастық төрайымы «Бір белдеудің» жасыл элементтеріне энергия үнемдейтін және төмен көмірсутектік көліктің жаңа түрлері, жүктердің жалпы экологиялық таңбалануы, ұзаққа төзімді жаңа жол жабындылары кіретіндігін айтты. Сонымен қатар ол жаңаратын энергия көздерінен алынған электр энергиясын алмасу және экспорттау үшін Жібек жолы елдерінің энергия жүйелерін біріктіру маңыздылығын атап өтті.

«Орталық Азияның барлық елдері, әсіресе Қазақстан мен Тәжікстанның жаңаратын энергия көздерін өндіруге әлеуеті жоғары. Сондықтан Жібек жолы елдерінің энергия жүйесін біріктірудің келешегі зор. Ол жаңаратын энергия көздерін дамытуға тың серпін беріп, тұтынушылары үшін электр энергиясының өзіндік құны мен тарихын төмендетуге, өзге елдерге экспорттауға мүмкіндік жасайды», - деді Айгүл Соловьева.

Соңғы жаңалықтар