Қазақстан белгілеген мақсатына жету үшін маңызды қадамдар жасап келеді – АҚШ сарапшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандағы биылғы сайлау ашық өтті. Бұл туралы «ҚСЗИ GPS» сараптама алаңының отырысында New Lines стратегия және саясат институтының (АҚШ) аналитика жөніндегі директоры Камран Бохари мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл сайлау шынымен де Қазақстанның посткеңестік мемлекеттен жаңа формаға өтуінің өте маңызды кезеңі болып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев дайындаған қадамдар аясында елді өзгертудің белгілі бір жол картасы бар. Әрине, оны жүзеге асыру үшін біраз уақыт керек. Егер бәрі ойдағыдай болса, мүлде жаңа кандидаттар, елдің саяси алаңында өз рөлін атқарып, өз орнын алып жатқан партиялар қызмет етеді», - деді Камран Бохари.

Сарапшы Қазақстандағы биылғы сайлау ашық өткенін атап өтті.

«20 қарашада 10 сайлау учаскесін араладым және ешқандай кедергілер мен қиындықтар анықталған жоқ. Сайлауға келген халық не істеу керектігін біліп, дауыс беру рәсімінен хабардар болды», - деді ол.

Осы орайда К.Бохари біраз сайлаушымен пікір алмасқанын, олардың көпшілігі сайлауда дауыс беру арқылы өздерінің азаматтық міндетін орындап жатқанын және мемлекет ауқымындағы іс-шараға өз үлестерін қосуға қуанышты екендіктерін айтқанын жеткізді.

Сарапшының сөзіне қарағанда, Қазақстан үшін жүргізіліп жатқан реформалардың маңызы зор. Бұл тұрғыда Қазақстан мақсатқа жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, маңызды қадамдар жасалып келеді.


Соңғы жаңалықтар