«Қазақстан-Беларусь: достық пен өзара түсіністіктің биік өнегесі» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қарашаның 27-сі. / ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 27-сі, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтады. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтауы жарық көрді. Онда «Бүгінгі ұлық мейрамда құрбандық шалудың ең ізгі амалы - жетім-жесірлерге қолұшын созу, араздасқанды татуластыру, адамзатты бейбіт өмір сүруге шақыру сияқты имандылық істермен астасып жатыр. Ендеше, ниеттеріңіз қабыл болсын, Алла  Тағала  халқымызға нұр-шапағатын  төге берсін», делінген.

Мемлекет басшысының құттықтауы «Айқын», «Казахстанская правда» газеттерінде де жарияланған.

«Қазақстан-Беларусь: достық пен өзара түсіністіктің биік өнегесі». Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақалада Мемлекет басшысының Беларус еліндегі ресми сапары жайында егжей-тегжейлі жазылған. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Беларус еліне ресми сапары қарашаның 26-сы күні салтанатты түрде жалғасты. Беларус Республикасы Президентінің резиденциясында құрметті қарауыл сапқа тұрып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шыр­қалды. Мұнан кейін Мем­лекет басшылары екеуара кездесті.

- Мен осы 15 жылдың ішінде Сізден көп үйрендім. Бай саяси тәжірибеңізбен бөлісіп, ақыл-кеңес бергеніңізге алғысымды біл­діремін, - деді Александр Лука­шенко Нұрсұлтан Назарбаевқа өз алғысын ілтипатпен жеткізе келе. Сондай-ақ Беларус жағының ЕҚЫҰ саммитін шақыру жөнін­дегі Қазақстан ұсынысын қолдай­тындығын, Елбасының Беларусь Республикасына ресми сапарының екі ел қатынасын нығайтуда маңызы үлкен екендігін айтты», деп жазады басылым.

Ал Елбасының Беларус еліне жасаған сапары жайында жазылған «Айқын» газетіндегі мақалада Қазақстан Беларустың ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші ірі сауда әріптесі екендігі атап өтілген.  Әлемдік қаржы дағдарысы басталғанға дейін екі елдің арасындағы тауар айналымының жыл сайынғы өсімі орта есеппен алғанда 50 пайызды құраған. Мәселен, Қазақстан мен Беларус арасындағы тауар айналымы 2008 жылы 567 млн долларды құраса, ал 2009 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 316,8 млн долларға жетіп отыр.

«Известия-Казахстан» басылымының жазуынша, Қазақстан мен Беларустың сауда-экономикалық қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілмек. Оған біздің еліміздің аумағында жүзеге асырылатын жалпы құны шамамен 3 млрд. АҚШ долларын құрайтыны 37 жоба негіз болмақ.

«Егемен Қазақстан» газеті өзінің  90 жылдық мерейтойына орай Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен арадағы сыр-сұхбаты жарияланған.

Осы басылымның «Үкімет» атты арнайы бетінде бірнеше мақала топтамасы жарық көрді. Мәселен, «Кедендік одақ - экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісі» деген мақалада «Қоғамда қазір Кедендік одақ хақында әртүрлі пікірлер айтылуда. Біреулер кешегі Кеңестік одақтан құтылып, экономикалық тәуелсіздік алып едік. Енді тағы да «аға жұрттың» қолтығына кіріп, тәуелсіздігімізді тәрк етеміз бе десе, енді біреулер тауар рыногы ұлғаяды, Ресей мен Беларустің сапалы тауарларын тұтынып, сұранысымызды толық қанағаттандырамыз дейді. Ақиқатында осы Кедендік одақтан аларымыз не? Бүгінгі жаппай жаһандану дәуірінде ешқандай экономика оқшауланып өмір сүре алмайтыны анық. Дүниені дүр сілкіндірген қаржы-экономикалық дағдарысы да ынтымақтасқан елдер қиындықтан қиналмай шығатынын көрсетті», делінген. Жазылған жайттың егжей-тегжейін басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.

***

«Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Халалдықтар» айлықсыз жұмыс істейді» деген тақырыппен мақала жарық көрді. «Қазір әлемдегі халал-нарығы айналымындағы жылдық қаржы 500 миллиард долларды құрайды. Оған тек азық-түлік өнімдері ғана емес, сонымен бірге өзге де тауарлар және қызмет түрлері енеді. Ол - өзінің денсаулыққа залал келтірмеуіне 100 пайыз кепілдік беруімен ерекшеленетін, әрі жоғары сұранысқа ие нарық түрі. Сондықтан мұсылман қауымы басым Қазақстанда да халал индустриясын дамыту көзделіп отыр. Бірақ, өкінішке қарай, оның бүгінге дейін қандай да бір жүйелі даму тетіктері болмай тұр», деп жазады басылым. Еліміздегі халал нарығына қатысты мәселелер қызықтырса газеттің бүгінгі санында жарық көрген мақаламен танысыңыз.

Бүгін күллі мұсылман қауымының ұлық мерекесі Құрбан айтының алғашқы күні. Осыған орай «Алаш айнасы» газеті «Құрбандыққа шалынатын малдың бағасын белгілеу керек пе?» деген тақырыппен арнайы мақала жариялап, бірқатар азаматтардың пікірлерін қоса берген. Мәселен, Азат Қонысбек деген  кәсіпкер «мысал үшін айтсам, 15 мың теңге тұратын қойды Құрбан айт кезінде 20 мыңға сатып алсам, тас теріп кетпеспін. Шыққан шығын білінер-білінбес. Есесіне әлгі жоғарыда айтқанымдай, қалт-құлт күнелтіп жатқанның қалтасына қосымша қаржы қосып беремін. Маған осының өзінің сауабы тимей ме?», десе,  Іле ауданының Бас имамы Алдажар Сейітұлы «дәл Құрбан айт кезінде мал бағасын еркіне жіберу - үлкен қателік. Менің ойымша, бойымызға сіңіп бара жатқан мұндай тізгінсіздікке мемлекет тарапынан бақылау болуы тиіс. Құзырлы орындар, мәселен, жергілікті әкімшіліктердегі бағаны реттеп отыратын комитет мамандары  сол күндері базарларды аралап, бұған тосқауыл қоятын уақыт жетті. Осы мәселемен айналысатын комиссия құрылса, тіптен жақсы», деп ойын жеткізген.

 «Бүгін барша мұсылман баласы үшін ұлық мереке. Бұл күнді исі мұсылман қауымы ниет етіп айт намазын оқудан бастап, құрбан шалады. Ал саясаткерлер бұл күнді қалай атап өтеді? Жалпы, саясаткерлер туралы қасаң пікірлер басым. Олардың гуманизмнен жеке мүддені жоғары қоятыны туралы да аз айтылмайды. Алайда еліміздегі саясаткерлердің арасында да, мұсылмандықтың парызын қал-қадірінше өтеп жүрген азаматтардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантарлық іс. Осы ретте біз халық қалаулылары мен саясаткерлер Құрбан айтты қалай мерекелейтінін өздерінен сұрап білген едік», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Басылымның сауалдарына жауап берген халық қалаулылары мен саясаткерлердің айт мерекесін қалай атап өтетіндігін білгіңіз келсе осы басылымда жарық көрген  «Саясаткерлер құрбандық шала ма?» деген тақырыппен берілген мақаламен танысыңыз.

***

«Бензин бағасы ауыздықталады». «Экономика» газетінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада Павлодар мұнай-химия зауытында осы күнге дейін тек Ресейден тасымалданатын шикізат өңделетіндігі жазылған. Басылымның жазуынша, әзірге солтүстік өңірге Батыс Қазақстанның мұнайын жеткізу мүмкін болмай отыр. Өзіміздің мұнайымызды жеткізу үшін Кеңқияқ-Павлодар құбырын тарту қажет. Бұл туралы өткен аптада Павлодар облысына келген Үкімет басшысы К.Мәсімовке ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі С.Мыңбаев мәлімдеген.  Жанармайдағы түйткілді жайттармен егжей-тегжейлі танысқыңыз келсе басылымның бүгінгі нөмірін оқыңыз.

Ағымдағы жылы қазақстандық диқаншылар мол астық жинап, қуанышқа бөленген болатын. Дегенмен өсірген мол астығын, жиған өнімін өткізе алмай отырған диқаншылар да бар. Осыған орай «Экономика» басылымның бүгінгі санында «80 миллион доллар қар астында қала ма?» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Жарияланымда «Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі - рекордтық көрсеткішпен жиналған астықты тиімді пайдалану, өткізу болып отыр. Қазақстандағы астық мәселесіне қатысты  туындаған түйткіл негізінен ғаламдық қаржы дағдарысы аясында бас көтерді. Әлемдегі астық өндіру көрсеткішінің өсуіне, оның ауыспалы қорының молаюына байланысты туындады. Қазір әлемдік астық нарығында өнімді сатып алу ауқымы біршама төмендеді. Соның салдарынан астық бағасы күрт түсіп кетті. Мұның бәрі Қазақстанның ішкі нарығына  кері әсерін тигізіп отыр. Өйткені, біздің астық негізінен экспортқа бағытталған өнім», деген Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың сөзі келтірілген.

***

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер Кеңесінің төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің Қазақстан мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтауы жарияланды. Онда «Қымбатты отандастар! Баршаңызды әлем мұсылмандарының ұлық мерекесі - Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күнді барша мұсылман бауырларымыз асыға күтті. Себебі бұл Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылатын күн. Қажылық өтеушілер қасиетті Қағбаға жүзін қаратып, Арафат жазығында күні бойы құлшылық жасап, Жаратушы Иемізден ізгі тілек тілейді. Құрбандық шалудың мәнісін ұғыну үшін, ең алдымен, құлшылықтың не үшін жасалатынын білген абзал», делінген.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Орта Азия мүфтилер Кеңесінің төрағасы, Бас мүфти Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің және Астана мен Алматы митрополиті Мефодийдің Қазақстан мұсылмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтауы «Известия-Казахстан» басылымында жарық көрген.

Осы басылымның «Ақ сөйле!» дәстүрлі айдарының бүгінгі қонағы - «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев. Таяуда ғана талқыға ұсынылған «Ұлт бірлігі доктринасы» жобасы төңірегінде өрбіген сұхбат барысында М.Тоқашбаев «Қазақстанда тұратын халықтар бір ұлтқа айналар болса, ол қай тілде сөйлейді, қай мәдениетті ұстанады? Тек қазақ халқының ғана емес, тағдыр тезімен біздің жерден пана тапқан өзге ұлт өкілдерінің атажұрттарымен сабақтасқан сан ғасырлық мәдениеті мен салт-дәстүрін қайда қоямыз? Меніңше, доктринаның осы тармақтары туралы әлі де кеңінен ойлау керек», депті. «Бір ұлттың, бір тілдің төңірегіне топтасқан тиімді» деген тақырыппен берілген екеуара әңгімені «Айқын» газетінің бүгінгі санынан толық оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар