Қазақстан Байқоңырдағы қалдықтарды жою үшін Ресейге 20 млрд теңге төлемейді – министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Байқоңырдағы радиоактивті қалдықтарды жою үшін Ресейге 20 млрд теңге төлейтіні туралы ақпаратты теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Желіде Байқоңыр ғарыш айлағының аумағындағы улы және радиоактивті қалдықтарды жою үшін Қазақстан Ресейге 20 млрд теңге төлейтіні туралы ақпарат тарауда. Аталған фактілер шындыққа жанаспайды. Қазақстан Байқоңыр ғарыш айлағындағы қалдықтарды жоюға 20 млрд теңге бөлуді жоспарлаған жоқ және оны төлемейді. Бұл мәселе бойынша қандай да бір төлемдер туралы Қазақстан мен Ресей арасында ешбір шешімдер мен келісім жасалған емес және талқыланып жатқан жоқ», - делінген министрліктің Facebook-тегі парақшасында.

Ведомство мәлім еткендей, таратылып жатқан ақпаратта көрсетілген карьерлерде Байқоңыр аумағындағы тозығы жеткен ғимараттарды сүргеннен кейін қалатын құрылыс қалдықтары (кірпіш сынықтары, қайта өңдеуден кейінгі бетон) ғана орналастырылатын болады.

«Бұл карьерлерді жасақтау жұмыстарын толығымен ресейлік тарап жүргізді. Алдын ала деректер бойынша, оған жалпы сомасы 20 млн рубль жұмсалған. Жобалар Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің оң қорытындысын алды. Тозығы жеткен ғимараттарды бұзу және полигонға құрылыс қалдықтарын жеткізу жұмыстарын қазақстандық «Инфракос» компаниясы жүргізуде. Барлық ғимараттар мен құрылыс қалдықтарын радиациялық қауіпсіздікке тексеруді қазақстандық және ресейлік мамандандырылған компаниялар 3 рет жүргізеді: сүруге дейін, аяқталғаннан кейін, сондай-ақ полигонда. Аталған карьерлерде улы және радиоактивті қалдықтарды, сонымен қатар металл сынықтарын орналастыру қарастырылмаған және ол Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келеді», - деді министрліктен.

Атап өтілгендей, Қызылорда облысы бойынша Экология департаментінің мамандары Байқоңыр ғарыш айлағындағы барлық нысандарға кез келген уақытта бара алады және ресейлік, қазақстандық компанияларға жоспарлы тексеріс жүргізіп тұрады.

«Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін алғыс білдіреміз. Бірақ алдағы уақытта тексерілген және шынайы ақпараттарға ғана сүйенуді сұраймыз», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен.


Соңғы жаңалықтар