«Қазақстан барысында» Қарағанды облысының намысын қорғайтын палуандар анықталды

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының 22 мықты палуаны «Сарыарқа Барысы» үздік атағы үшін өзара бақ сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл «Қазақстан Барысы» республикалық турниріне іріктеу жарысы. Қазақ күресі мемлекет тарапынан үлкен қолдау көріп отыр. Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Тек біздің өңірде жастар арасындағы жарысқа 300-ден астам спортшы қатысады. Бұл қазақ күресінің дамып келе жатқанын көрсетеді», – деп атап өтті турнирді ұйымдастырған «Жас сұңқар» спорт мектебінің басшысы Алмас Мұхтаров.

Барлық қатысушылар арасында жекпе-жектер қызу өтті.


«Барлық палуандар жақсы дайындалған. Мұндай жарыстарға алғаш рет қатысқандар да болды. Жастардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық танытып, айналысып жатқаны қуантады», - дейді қазақ күресі бойынша жоғары деңгейдегі төреші, турнирдің бас төрешісі Абай Үмітбаев.

Нәтижесінде Шет ауданынан Ақжігіт Оралов «Сарыарқа барысы» атанды. Екінші орынды теміртаулық Ақжол Дүйсенбаев иеленді. Үшінші орын Абай ауданынан Айдар Оңайбековке бұйырды.


«Қазақ күресімен 7 жылдан бері айналысамын, оның ішінде дзюдомен де. Топарда жаттығамын. «Сарыарқа барысына» алғаш рет қатыстым. Барлық қарсыластарды зерттедім. Облыстағы ең мықты спортшылар – Қарқаралы және Шет аудандарынан келген спортшылар», - дейді жас спортшы Айдар Оңайбеков.

Бірінші және екінші орын алған палуандар 30 маусымда Астанада өтетін «Қазақстан Барысы» супертурнирінде Қарағанды облысы атынан өнер көрсетеді.





Соңғы жаңалықтар