«Қазақстан барысында» Атырау облысының намысын қорғайтын балуандар анықталды

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің финалдық кезеңінде Атырау облысының намысын Сұңғат Закарияев және Нұржан Байбосынов қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

5 мамыр күні «Атырау» спорт кешенінде қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу сайысы мәреге жетті.

Жарысқа Атырау қаласы мен 7 ауданнан 16 балуан қатысты. Олардың бір-бірімен күресу реті жеребе арқылы анықталды.

Кіл мықтыдан ең мықтыны анықтауға жиналған балуандар белдесуі тартысқа толы болды. Бір-біріне қарсы сәтті әдіс жасап, кейде ұпай санымен ұтылған балуандар «Атырау барысы – 2022» атағын иелену үшін барын салды.

Нәтижесінде Қызылқоға ауданының өкілі Сұңғат Закарияевке тең келер қарсылас болмады. Осылайша ол «Атырау барысы – 2022» атағына ие болды.

С. Закарияев қазақ күресінен осымен алтыншы мәрте үздік атанып отыр.

Ақтық белдесуде жеңілген Нұржан Байбосынов екінші орын иеленді. Бұл балуан сайысқа Атырау қаласының атынан қатысты.

Ал Әділет Сапарғалиев үшінші жүлдені місе тұтты. Ол Мақат ауданының намысын қорғады.

«Сайыс жеңімпаздарына арнайы чемпиондық белдік пен қаржылай сыйақы табыс етілді. Бірінші жүлде иегері Сұңғат Закарияев – 250 мың, екінші орын алған Нұржан Байбосынов – 150 мың, үшінші жүлденің иесі Әділет Сапарғалиев 100 мың теңге алды», - деп хабарлады облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Еске салайық, бұған дейін атыраулық парадзюдошы Аманжол Жанбота Гран-При сайысының жеңімпазы атанғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар