«Қазақстан Барысы» республикалық турниріне қатысатын қарағандылық балуандар іріктелді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында қазақ күресінен ересектер арасында «Сарыарқа Барысы» облыстық турнирі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін республикалық жарыстарға іріктеу додасы болды. Жарысқа облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 130 балуан қатысты.

Турнирдің бас төрешісі Нұрмұхамед Жайлаубайдың айтуынша, пандемияға байланысты жаттығулардың аздығына қарамастан, палуандар жақсы дайындалып, лайықты нәтижелер көрсетті.

«Жарыс 11 салмақ дәрежесінде өтті. Финалда өте қиын болды, себебі екі мықты спортшы – Ақжігіт Оралов пен Бекзат Ахметбеков күресті. Олар шілде айында Нұр-Сұлтанда өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде Қарағанды облысының намысын қорғауға барады», – деді Нұрмұхамед Жайлаубай.


Облыстық турнирдің жеңімпазы қарағандылық Ақжігіт Оралов болды. Екінші орынды Нұра ауданынан Бекзат Ахметбеков, үшінші орынды Бұқар Жырау ауданынан Ерқанат Молдағұлов иеленді.

«Қазақ күресімен 12 жыл бойы айналысып келемін. Дзюдо және самбомен де шұғылданамын. Бүгінгі жарыс оңай болған жоқ, бірақ бәрі жақсы өтті. Барлық финалистер мықты. Енді республикалық турнирге дайындаламыз», – дейді Ақжігіт Оралов.


Соңғы жаңалықтар