Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды - Президент

None
САМАРҚАН. ҚазАқпарат - Самарқанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бесінші, түркі елдерінің рухани дереккөздерін зерделейтін жобаларға ерекше көңіл бөлгеніміз абзал. Биыл Түркі академиясы Моңғолияда жүргізген қазба жұмысының нәтижесінде маңызды жаңалық ашты. Екінші Түркі қағанатын қайта тірілткен Құтлық қағанның кешенін тапты. Бұл – «түркі» деген сөзі бар ең көне жазба ескерткіш. Осы орайда, мен Түркі халықтарының ортақ жазба мұрасын зерттеуге арналған «жол картасын» әзірлеуді ұсынамын. Ол үшін елдеріміздің мұрағаттары өзара ашық болуын қамтамасыз ету қажет. Келешекте соның негізінде Түркі мемлекеттері ұйымының «Цифрлық кітапханасын» құруға болады. Бұл жұмыс құнды құжаттар мен сирек кітаптарды ұрпаққа мұра етіп қалдыруға мүмкіндік берер еді», - атап өтті Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге тоқталды.

«Түркі мемлекеттері ұйымының қызметін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белсенді түрде дәріптеуіміз керек. Бұл – өте қажет нәрсе. Осы жұмысты елдеріміздің ішіндегі ақпарат құралдары және белгілі халықаралық агенттіктер аясында жүргізуге болады. Себебі, әлем қауымдастығы біздің түркі әлеміндегі ықпалдастықты нығайту үшін жасап жатқан ауқымды жұмысымыз туралы білуі қажет. Шындығын айтсақ, жаһан жұртшылығы біздің ұйымның жұмысы туралы әлі де жақсы біле бермейді. Дегенмен, қазір Түркі ынтымақтастығы идеясы бүкіл әлемнің назарын өзіне аудара бастады. Түркі өркениеті туралы хабар беретін құнды деректер жер шарының түрлі аймақтары мен құрлықтарынан табылып жатыр. Бұл – біздің елдерімізге ортақ құндылықтар. Сондықтан, қолда бар тарихи және тілдік деректерді жүйелеп, ретке келтіру маңызды міндет деп ойлаймын. Ғылыми институттардың және мекемелердің аясында белсенді жұмыс ұйымдастырып, оны әлем жұртшылығына кеңінен таныстыруымыз керек. Ұйымның жұмысы дипломатиялық саммиттер мен қорытынды құжаттары бар кездесулермен ғана шектеліп қалмағаны жөн. Түркі мемлекеттері ұйымы барша түркі әлеміндегі халықтарды жақындастыратын ықпалды орталыққа айналуы қажет деп санаймын. Қазақстан барлық мемлекеттің территориялық тұтастығын сөзсіз қолдайды, сондай-ақ БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтау қажет деп есептейді. Бұл – біздің еліміздің негізгі мүддесіне толық сай келетін маңызды қағидат. Сондықтан біз осы қағидатқа әрдайым басымдық беретін боламыз», - деп түйіндеді сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар