Қазақстан барлық көршілес мемлекеттермен достық қатынаста - Санат Көшкімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан барлық көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатқан, халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда және экономикалық жағынан дамығын елдермен өзара байланысты ұлғайтуда. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев айтты. ҚазАқпарат сарапшының пікірін толық жариялайды.

***

Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі ерекшеліктері оның көпвекторлығы, теңгерімділігі мен прагматикалығында. Бұның іргетасын ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған болатын. Бүгінгі таңда осындай ұстанымның сабақтастығы таңдалған стратегияның дұрыстығын және ұтымдылығын растайды.

Қазақстан барлық көршілес мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатқан, халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытуда және экономикалық жағынан дамығын елдермен өзара байланысты ұлғайтуда. Осының барлығы елімізге жаһандық дамудың трендінде қалуға мүмкіндік береді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлемдік аренадағы тату көршілік, өзара тиімді серіктестік және халықаралық құқықты сақтаушы қағидаттарын қатаң ұстанатын субъект ретіндегі рөлін дәлелдеді. Оның тұсында сыртқы саяси қызмет өзінің қарқындылығын жоғалтпады. Керісінше өтпелі кезең еліміздің қазіргі әлемнің кез келген күрделі процестеріне уақтылы және тиімді жауап бере алуға қабілеттілігін көрсетті.

Қ.К.Тоқаевтың сыртқы саясаты Қазақстанның стратегиялық серіктестерімен өзара тиімді ынтымақтастығын ары қарай нығайтуға бағытталған, оның ішінде Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Америка Құрама Штаттарымен және Еуропалық Одақпен. Бұл жайлы Қазақстан Президентінің «Комсомольская правда» газетіне жақында берген сұхбатында тағы бір мәрте баса айтылды.

Көпшілікке белгілі жәйт, мемлекеттің кез келген жаңа көшбасшысы үшін дәстүрлі маңызды оқиға оның алғашқы шетелдік сапары болып табылады. Сол арқылы сарапшылар сыртқы саясаттың болашақ бағыттарын бағалайды. Қ.К.Тоқаевтың 2019 ж. 3 сәуіріндегі алғашқы ресми сапары Ресей Федерациясына болғандығы кездейсоқтық емес. Бұнымен ҚР Президенті Ресей еліміз үшін басты стратегиялық әріптес пен одақтас болып қала беретіндігін байқатты. В.Путинмен кездесу барысында Қ.Тоқаев өзара тиімді екіжақты ынтымақтастыққа бейілділігін растады және ҚР мен РФ қатынастарын «үлгі аларлықтай» деп атады.

Президенттігінің бір жылы ішінде Қ.К.Тоқаев бірқатар іс-шараларға қатысты, атап айтсақ РФ-мен қатынастар үшін дәстүрлі болған – XVI Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумынан «Валдай» пікірталас клубының отырысына дейін. Екі президенттің тікелей байланыстарының да деңгейі жоғары – бір жылда өзекті мәселелерді шұғыл талқылау үшін 6 телефон арқылы байланыс жүргізілді. Бұдан бөлек мемлекет басшылары ҰҚКҰ, ШЫҰ, АӨСШК алаңдарында кездесті.

Екіжақты қатынастар үшін маңызды оқиға 2019 жылы 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлық отырысы болды, онда ЕАЭО 5 жыл интеграциялық бірлестік ретіндегі қызметінің қорытындылары жасалды.

Н.Ә.Назарбаевтың ЕАЭО ретінде көрініс тапқан еуразиялық интеграция идеясының 25-жылдығы 2019 жылы еуразиялық жобасының жүзеге асырылуына талдау жасауға түрткі болды. Қазақстан Президенті еуразиялық интеграция тетіктерін жақсарту бойынша табанды жұмыс жүргізуге дайын екендігін көрсетуде. Ол Мемлекет басшысының ЕАЭО алаңдарында айтқан бірқатар идеялары мен ұсыныстарында көрініс тауып отыр.

Екіжақты және көпжақты форматтағы байланыстардың қарқындылығының сақталуы екі серіктестің де сауда-инвестициялық жобаларды, инфрақұрылымды, өндірістік кооперацияны, ғылыми-техникалық және әскери саланы, кіші және орта бизнесті қолдауды, экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу мен қоршаған ортаны қорғауды өзара дамытуға мүдделі екендігін байқатады. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та дәстүрлі түрде жоғары деңгейде. 2020 ж. ҚР Президенті ресейлік тараптың 24 маусымға жоспарланған Жеңістің 75-жылдығының мерекелік шеруіне қатысуға шақыруын қабыл алды.

Өзінің дипломатиялық қызметін Пекинде бастаған тәжірибелі саясаткер Қ.К.Тоқаев Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынастарға ерекше мән береді. Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) мүше мемлекеттері басшыларының Кеңесі отырысының алаңында өткен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен жаңа лауазымдағы алғашқы кездесуде ҚР Президенті Пекинмен ынтымақтастықтың еуразиялық кеңістікте тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.

Өткен жылы екіжақты күн тәртібінде инвестициялық ынтымақтастық, Қазақстанның ҚХР-дың Орталық Азиядағы «Бір белдеу, бір жол» бастамасының басты серіктесі ретіндегі көліктік әлеуетін жоғарылату мәселелері тұрды.

ШЫҰ аймақтық өзара ықпалдасудың бірегей форматы ретіндегі маңыздылығын атай отырып, ҚР Президенті оның жаңа бағыттарын дамытуға күш салуда: ұйымның қаржылық жүйесін дамыту үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығының әлеуетін пайдалану; мүше-мемлекеттердің киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздік бойынша ШЫҰ Орталығы шеңберінде ақпарат алмасуды тездету.

2019 ж. қыркүйегіндегі Пекинге мемлекеттік сапар барысы да сыртқы саяси сабақтастық идеясымен тұнып тұрды. Қытай үкіметінің маңызды тұлғаларымен кездесуден бөлек, Қ.К.Тоқаев Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің 6-отырысының ашылуына қатысты, іскерлік орта өкілдерімен кездесті, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс оқыды.

Пандемия коронавирусымен күрес кезіндегі белсенді өзара ықпалдастықты атап өтпеуге болмайды. А.ж. ақпанында Қазақстан ҚХР-на медициналық бұйымдар түріндегі гуманитарлық көмек жолдады. Сәуірден бастап тату көршілік қатынастарды Пекин көрсете бастады, тәжірибе алмасу үшін медицина қызметкерлерін жіберді, сонымен қатар гуманитарлық көмектің бірнеше партиясын – тесттер, қорғаныс жабдықтары мен құралдарын жолдады.

Қазақстанның АҚШ-пен стратегиялық серіктестігі Н.Ә.Назарбаевтың президенттігі тұсында қалыптасқан болатын және бүгінде өз жалғасын табуда. АҚШ-қа Қазақстан Президенті ретіндегі 2019 ж. қыркүйегіндегі алғашқы сапары барысында БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші рет АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесті. Екі ел басшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы 2018 жылғы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы мемлекеттердің бірлескен мәлімдемесіне негізделген кеңейтілген өзара ықпалдастықтың қазіргі кезеңдегі түйінді мәселелері мен келешегін талқылады.

Қазақстан мен АҚШ екіжақты байланыстарын нығайтудың келесі маңызды кезеңі АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның а.ж. ақпандағы Қазақстанға ресми сапары болды, оның барысында тараптар кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастықты талқылады, атап айтқанда экономика, сауда, инвестиция, IT-технологиялар, С5+1 форматындағы диалог, халықаралық терроризммен күрес және Ауғанстанда бейбіт өмірді қалыптастыру.

Осы орайда Қазақстан басшысы кездесуде Ауғанстан бойынша ҚР Президентінің Арнайы өкілі лауазымын тағайындау ниетін білдірді. Арнайы өкіл қызметі халықаралық серіктестермен ауған мәселесі бойынша келіссөз процесстерін белсендендіруге және диалогты нығайтуға бағытталған. Бұл, өз кезегінде, Қазақстанға Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіруге өзіндік үлесін қосуға мүмкіндік береді.

ҚР Президенті және АҚШ сыртқы саяси мекемесінің басшысы сондай-ақ, а.ж. қаңтарда қол қойылған үкіметаралық Әуе кеңістігіндегі қатынас туралы келісімге (ашық аспан туралы) қолдау көрсетті, ол мемлекеттер арасындағы тікелей тұрақты рейстерді ашуға мүмкіндік тудырады және жалпы азаматтық авиация саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтады.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саяси қызметте Еуропалық Одақпен және ЕО басты мемлекеттерімен екіжақты деңгейдегі кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықты нығайтуды қолдайды. ҚР-ЕО ынтымақтастығын дамытудағы маңызды оқиға Мемлекет басшысының Еуропалық кеңес Төрағасы Дональд Тусктың 2019 ж. мамырындағы Қазақстанға ресми сапары шеңберіндегі кездесуі, ол мемлекеттер арасындағы байланыстарды нығайтуға жаңа леп берді.

Еурокеңестің басшысымен өткен келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне берілген брифингте Мемлекет басшысы қол қойылған Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің және қабылданған ЕО Орталық Азия үшін жаңа стратегиясының екіжақты және көпжақты деңгейдегі ынтымақтастықтың келешегі үшін маңыздылығын атап өтті.

Сонымен бірге ЕО мүше-мемлекеттерімен екіжақты деңгейдегі кездесулерді де атап өткен жөн. Өткен жылдың сәуірінде Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапары болып өтті. Орталық Еуропа елдерімен ынтымақтастықты нығайту бағытының жалғасы ретінде Қ.К.Тоқаев Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурермен 2019 ж. қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 74- сессиясы алаңында және оның 2019 ж. қарашасында Қазақстанға ресми сапары барысында келіссөздер жүргізді.

Қазақстанның Еуропалық Одақ көшбасшыларымен қарым-қатынастарын нығайтудың маңызды кезеңі ретінде Мемлекет басшысының 2019 ж. желтоқсандағы Германияға ресми сапарын есептеуге болады, оның барысында ҚР Президенті Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, Федералды канцлері Ангела Меркельмен, ірі неміс бизнесінің өкілдерімен өнімді келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында тараптар жан жақты өзара тиімді ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін және стратегиялық экономикалық әріптестікті ары қарай дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Ағымдағы жылы ақпанында Қ.Тоқаевтың Германияға екінші сапары болып өтті, бұл жолы Мемлекет басшысы қауіпсіздіктің жаһандық қауіп-қатерлері талқыланатын беделді пікірталас алаңы болып табылатын Қауіпсіздік бойынша Мюнхен конференциясына арнайы шақырту бойынша қатысты. Онда ҚР Президенті қатысушылардың назарын Орталық Азия аймағына, оның мәселелері мен ынтымақтастығының келешегіне аударды.

Жалпы алғанда, Қ.К.Тоқаевтың сыртқы саяси қызметі президенттігінің бірінші жылында оқиғаларға толы және мазмұнды болды. Ол мемлекеттің сыртқы ашықтығында, саяси, экономикалық, сауда, инвестиция және қауіпсіздік салаларында стратегиялық әріптестермен екіжақты және көпжақты форматтарда прагматикалық және өзара тиімді ынтымақтастықты жандандыруында көрініс тапты. Өз кезегінде, бұл еліміздің халықаралық аренадағы орнын одан әрі нығайтуға мүмкіндік тудырып отыр.


Соңғы жаңалықтар