Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылды
2022 жылғы 8 сәуір 12:52

Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылды. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылғы 24 ақпаннан бері Қазақстан банктерінде Ресей мен Беларусьтің резидент-жеке тұлғалары үшін 11 940 шот ашылған. Оның ішінде 10 725 шот өтініш берушінің немесе сенім білдірілген адамның Қазақстан банкінде жеке болуы арқылы, 1 215 шот қашықтан ашылды. Нәтижесінде аталған мемлекеттердің Қазақстан Республикасының банктерінде шоттары бар азаматтарының жалпы саны 162 мыңға жетті», - деп атап өтеді агенттіктен.

Ведомство мәліметінше, Ресей Федерациясының резидент-заңды тұлғаларының жаңа шоттарының саны жыл басынан бері аздап өскен. Осы жылғы ақпанның соңынан бері 7 Ресей компаниясына банк шоттары ашылған, Қазақстан банктерінде шоттары бар Ресей ұйымдарының жалпы саны 805-ке жетті.

Қазіргі уақытта барлық шетелдік азаматтар мен компаниялар үшін банк шоттарын ашу және жүргізу тәртібі қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң (КЖТҚҚ) нормаларымен, сондай-ақ Ұлттық банк пен агенттіктің реттеушілік талаптарымен реттелген.

Осылайша, Ұлттық банктің 2016 жылғы 31 тамыздағы 207 қағидаларының талаптарына сәйкес шотты ашу офлайн режимде де, электрондық өтініш арқылы онлайн да жүргізілуі мүмкін. Банк шотын ашқанға дейін жүгіну тәсіліне қарамастан, банктер шетелдік өтініш берушіге КЖТҚҚ туралы заңда белгіленген KYC (Know Your Customer) стандарттары бойынша тиісінше тексеру жүргізуге міндетті.

Тиісті тексеру аясында банктер:

- шетелдік жеке тұлғаны, заңды тұлғаны және оның бенефициарлық меншік иелерін идентификаттауды, оның ішінде алынған идентификаттау деректерінің дұрыстығын тексеруді;

- іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын белгілеуді жүргізеді.

Бұдан басқа, агенттіктің 2020 жылғы 22 наурыздағы 18 қағидаларында белгіленген тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қойылатын талаптарға сәйкес комплаенс тәуекелді басқару мақсатында банктер шетелдік, оның ішінде трансшекаралық сипаттағы клиенттердің операцияларына күшейтілген мониторинг жүргізуге міндетті.

Күшейтілген мониторинг шеңберінде күдікті мәмілелерді анықтау және тәуекелі жоғары транзакцияларға жол бермеу үшін банктер клиенттің ақшасының шығу көздерін және оның контрагентінің заңды мәртебесін, жүргізілетін операцияның шарттары мен экономикалық мәнін қосымша талдайды.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT