Қазақстан балаларының 80 пайызы өз құқықтарын білмейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Sange» зерттеу орталығы» қоғамдық қоры Қазақстандағы балалар құқығын қорғау жағдайына жүргізген тәуелсіз сараптама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республика бойынша 2577 бала мен 1284 ата-ана арасында жүргізілген сауалнамада балалардың 19%-ы ғана өз құқықтарын жетік білемін деп жауап берген. 

«Өңірлерге шаққанда, сауалнамада солтүстік өңірлер (Қостанай, Павлодар, СҚО) мен Алматы қаласының балалары жоғары нәтиже көрсеткен. Ал Астана қаласы мен Жамбыл, Маңғыстау, Алматы облыстарының көрсеткіші төмен», - деп түсіндірді «Sange» зерттеу орталығы» ҚҚ сарапшысы Айнагүл Шәріпбаева Астанада өткен дөңгелек үстелде.

Бір айта кетерлігі, өз құқықтарын жетік білмейтін өңір балаларының басым бөлігі бала құқықтары сақтала ма деген сұраққа «иә» деп жауап берген. Мәселен, Жамбыл облысында өз құқығын жақсы білетін балалардың үлесі 7 пайызды ғана құрайды, бірақ жамбылдық балалардың 83 пайызы «Өңірде балалардың барлық құқығы сақталады» деп баға берген.

Денсаулық пен қауіпсіздік мәселесіне келгенде балалар өздерінің «Өмір сүру және салауатты даму» (76%), «Жақсы тамақтану мен таза ауыз су» (61%) және «Тегін, сапалы медициналық көмек» (56%) салаларындағы құқықтарын жақсы білетіндерін көрсетті. Бірақ, тұтас республика балалары «Зорлық-зомбылық пен қатігездіктен қорғау» (39%) және «Жыныстық қанаудың барлық түрінен қорғау» (25%) құқықтарын жетік білмейді. Сарапшылар бұл мәселеге барлық өңірлер мән беруі қажет деп есептейді.

Білім беру бөліміндегі көрсеткіштер салыстырмалы түрде жақсырақ. Мұнда Қазақстан балаларының 65 пайызы «Тегін бастауыш және орта білім беру» құқығын біледі. Бірақ, бұл бөлімде де Астана қаласы (33%) мен Маңғыстау  облысы (27%) өте төмен көрсеткіштерге ие болды.

Балалардың 47 пайызы, әсіресе, ауыл балалары «Демалыс пен бос уақыт» және «Қосымша білім алу» құқықтарының бар екенін білмейді.

«Мұны ауылдық жерлерде қосымша білім берудің жолға қойылмауымен түсіндіруге болады», - дейді сарапшы.

Әлеуметтік қорғау мен еңбек бөлімінде барлық өңірлер төмен нәтиже көрсетті. Тіпті, «Ата-ананың немесе қамқоршының күтім көрсетуі және қорғауы тиістігін» балалардың 31 пайызы ғана біледі екен. «Ерекше күтімді қажет ететін балаларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін» де барлық бала біле бермейді (20%). 14 жастан бастап «Еңбек ету» мен «Зиянды жұмыстарды атқармау» құқығы жөнінде балалардың 23%-ы ғана хабардар.

Азаматтық құқықтар бөлімінде де жағдай мәз емес. Балалардың 14 %-ы ғана «Бейбіт жиналыстар өткізіп, балалар мен жастар қауымдастықтарын құруға» құқылы екендерін біледі.

«Дәл осы құқықтарды білмей өскен бала есейгенде де ашық қоғамдық жиналыстарға қатысу, қауымдастықтар құру құқығын пайдалана алмайды», - дейді Айнагүл Шәріпбаева.

Сондай-ақ, балалардың көпшілігі «Жеке құпия хат жазысу», «Түсінікті тілде ақпарат алу», «Жеке бас бостандығына құрмет», «Өзіндік пікір білдіру» құқықтары барын білмейді.

«Теңдік» құқығына балалардың 35%-ы ғана оң жауап берді. Яғни, балалардың 65 пайызы қоғамда әлеуметтік теңсіздік бар деп есептейді, заң жүзінде барлық балалардың әлеуметтік, нәсілдік және ұлттық ерекшелігіне қарамастан тең екенін білмейді», - деп атап өтті  қоғамдық қор өкілі.

Құқықтармен қатар, балалардың өзіндік міндеттерінің де бар екені белгілі. Бір қызығы, сауалнамаға қатысқан балалардың 90%-ы өз міндеттерін жақсы білетін болып шықты.

«Демек, балаларға өз құқықтарынан гөрі, міндеттері туралы көбірек ақпарат беріледі», - дейді сарапшы. 

Сараптама нәтижесіне сәйкес, балалардың көпшілігі «Жақсы оқу» (84%) және «Ата-анаға көмектесу» (67%) міндеттерінен хабардар.

Бірақ, «Денсаулықты күту, спортпен шұғылдану, шылым шекпеу, ішімдік ішпеу» (25%), «Өзгелердің пікірін, дінін, дәстүрін құрметтеу» (28%), «Әлсіз адамды қорғау, мұқтаж жандарға қол ұшын созу» міндеттері бойынша өте төмен нәтиже көрсетілген.

«Бұл міндеттерді ата-ананың өзі дұрыс атқармайды деген сөз. Балаға үлгі көрсетпеген. Балалар біздің айнамыз секілді, біз не істесек, олар да соны қайталайды. «Қауіпсіздік сақтау» (15%) және «Ақпаратқа жауапкершілікпен қарау» (14%) міндеттерін де балалар біле бермейді. Мұны білмеген балалар оп-оңай қылмыс пен үгіт-насихат құрбанына айналады», - деп өз сөзін түйіндеді А. Шәріпжанова.

Соңғы жаңалықтар