Қазақстан балалар дәрігерлерінің ІХ съезі өз жұмысын бастады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Қазақстан Педиатрлар Одағының ұйымдастыруымен «Педиатрия және балалар хирургиясының жетістіктері мен перспективалары» атты Қазақстан балалар дәрігерлерінің ІХ съезі онлайн-режимде өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға алыс және жақын шетелдердің педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы жетекші ғалымдары мен сарапшылары, сондай-ақ отандық ғалымдар мен педиатр дәрігерлер қатысып жатыр.

Съезі ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ашып, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіндегі педиатриялық проблемалардың басымдылығын атап өтті.

Пленарлық мәжілістің ашылу салтанатында сонымен қатар, АҚШ-тың Жаһандық педиатрия департаментінің басшысы, St.Jude Global директоры Карлос Родригес Галиндо және Украина елінің Охматдет ұлттық мамандандырылған аурухананың бас директоры В.Жовнир құттықтау сөз сөйледі.

Үш күн бойы өтетін съезд жұмысына АҚШ, Чехия, Ұлыбритания, Ресей, Украина, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да алыс-жақын шетелдердің мамандары қатысатын болады.

Съезд алаңында балалар жасындағы ауруларды диагностикалау мен емдеудің ең өзекті мәселелері талқыланады. Басқосу барысында балалар хирургиясы, балалардағы сирек кездесетін ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттары, әртүрлі соматикалық және хирургиялық патологиясы бар балаларды оңалту және медициналық-әлеуметтік бейімдеу, балалар жасындағы қарқынды терапия мен анестезиология, педиатриядағы ақпараттық технологияларды дамыту мәселелері қозғалады.

Барлығы 14 ғылыми сессия барысында 100-ден астам баяндама жасалады.

Съезд аясында 23 сәуір күні докторанттар, магистранттар және резиденттерге арналған «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия мен балалар хирургиясының сын-тегеуріндері мен даму перспективалары» атты жас ғалымдар форумы өтеді.



Соңғы жаңалықтар