Қазақстан бала құқығын қамтамасыз ету саласында елеулі прогреске қол жеткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Бүгін Парламент Мәжілісінде Қазақстанның БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясын ратификациялағанына 20 жыл толуына арналған халықаралық конференция болып өтті.

Еске сала кетейік, Бала құқықтары туралы конвенцияға Тәуелсіз Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылғы 16 ақпанда Нью-Йоркте қол қойған және Қазақстан Республикасының Парламенті ратификациялаған алғашқы халықаралық шарттардың бірі болып табылады.

Қазақстанның Бала құқықтары туралы конвенцияға қол қоюының 20 жылдығын атап өту еліміздегі бала құқығын іске асыру прогрессіндегі басты кезең болып табылады. Бала құқықтарын қорғау, ана мен баланы қолдау әрдайым, тіпті тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы ең қиын жылдары да мемлекет саясатының ең маңызды басымдықтарының бірі болды. Сонымен қатар, Бала құқықтары туралы конвенция әлемдегі елдердің басым көпшілігі ратификациялаған халықаралық құжат болып табылады.

«Өткен 20 жылда Қазақстан бала құқықтарын, оның экономикалық және әлеуметтік салауаттылығын қамтамасыз ету саласында елеулі прогреске қол жеткізді деп айтуға толық негіз бар. Біздің елімізде 18 жасқа дейінгі балалар бес миллионнан астам және олар шамамен бүкіл халықтың үштен бірін құрайды. Жыл сайын елімізде 300 мыңнан астам бала дүниеге келеді, ал өткен жылы 387 мың бала туылды. Бұл жыл сайын біздің еліміз орта есеппен бір облыс орталығы - қала халқының санына өсіп отырады деген сөз. Сонымен қатар, балалар мүддесіне орай ауқымды мемлекеттік бағдарламалар - білім беруді дамыту бағдарламасы, «Саламатты Қазақстан», «Балапан» бағдарламалары, Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы іске асырылуда. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар жүйесі бір миллионнан астам адамды қамтыды»,- деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар, вице-спикер бүгінгі күні Мәжілісте бірқатар маңызды заң жобаларымен жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті. Олардың арасында ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер, балаларды денсаулығына және дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы, мемлекеттік жастар саясаты, меценаттық және қайырымдылық туралы заң жобалары бар.

«Біз осыдан бір ай бұрын депутаттар бастамашы болған заң жобасын талқыладық, мұның мәні «Әрбір балаға - отбасы қажет» деп қарапайым тұжырымдауға болады. Осы заң жобасымен жетім балаларды асырап алудың ашықтығын арттыру, ықтимал асырап алушыларды, патронат отбасыларды және қорғаншыларды материалдық тұрғыдан ынталандыру және т.б. бойынша бірқатар шаралар ұсынылып отыр. Бұл құжаттың нақты балалардың тағдыры үшін қаншалықты маңызды екенін осы залда отырғандардың барлығы да түсінеді»,- деді Д. Назарбаева.

Шара Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасымен Қазақстан Республикасының Парламенті, Норвегия Үкіметінің, Еуропа одағы делегациясының және Қазақстандағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) қолдауымен ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар