Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде әлемде 32-орынға көтерілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан The Economist журналының азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде әлемде 32-орынға ие болды. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша АӨК саласында барлық макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 5,7 пайызға ұлғайып, 6,3 трлн теңгеге жетті. Бұл - Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Сонымен қатар, Қазақстанда азық-түлік өндірісі 4 пайызға өсті», - деді министр.

Сапархан Омаровтың дерегінше, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар ағыны 15, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестиция 13,5 пайызға ұлғайды. Нәтижесінде, АӨК инвестицияларының жалпы көлемі жоспардағыдан 154,2 млрд теңгеге асып, 677,2 млрд теңгені құрады.

«АӨК өндірісінің өсім көлемі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының ұлғаюымен нақтыланды. Ол 2019 жылмен салыстырғанда 22 пайызға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құрады. АӨК саласында жүргізіліп жатқан саясаттың тиімділігін британдық The Economist журналы өткізетін Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингі де растады. Онда Қазақстан 2020 жылдың қорытындысы бойынша 16 позицияға көтеріліп, әлемнің 113 елінің арасынан 32-орынға ие болды», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар