Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігі рейтингінде 113 елдің арасында 32-ші орында

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Пандемия салдары мен көрші елдердегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі бойынша оң динамика сақталып отыр. Астана халықаралық форумы аясында панельдік сессияға қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия салдары мен көрші елдердегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігі бойынша оң динамика сақталып отыр. Өткен жылы әлемдік «Global Food Security» индексінде еліміз 113 мемлекеттің арасында 32-орынға тұрақтады. Бұл өте жақсы көрсеткіш», - деп мәлім етті Ербол Қарашөкеев.

Министр баяндағандай, көрсеткіштердің жақсаруына Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдау шаралары оң әсер етіп отыр.

«Жалпы, биыл Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1 млрд доллар көлемінде қаржы қарастырылған. Бұған қоса, мемлекет алдағы бірнеше жылда ірі жобаларға 1 млрд долларға жуық қаражат бөлуді жоспарлап отыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына 2 млрд доллар инвестиция тартылған. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларының өндірісі 4% артып, 6,5 млрд долларға жетті.


Соңғы жаңалықтар