Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды транзиттік көпірге айналды - Елбасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды транзиттік көпірге айналды. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде біз Орталық Азиядағы ірі экономикаға айналдық. Бүкіл өңірдегі жалпы өнімнің жартысынан көбі Қазақстан үлесіне тиесілі. Біз елімізге шамамен 250 млрд доллар тікелей инвестиция тарттық. Азаматтардың әл-ауқаты еселеп артып, Шығыс Еуропаның бірқатар елінің деңгейіне жетті. Ресейді ғана алға жіберіп, ТМД-да екінші орынға шықтық. Ұлттық қор құрылды. Бұл - қазіргі және болашақ ұрпақ үшін қалқан, байыпты актив. Еліміздің алтын-валюта қоры шамамен 100 млрд долларды құрайды. Экономиканы қарқынды индустрияландыру және сервистік өнеркәсіп құру жүргізіліп жатыр. Ол шикізат ресурстарына тәуелділіктен арылуға бағытталған. Теңізге шығар жолы жоқ ел болғандықтан 15 мың шақырымнан астам автомобиль және темір жол салдық», - деді Елбасы «Астана клуб-2021» отырысында.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл Қазақстанға Тынық және Атлант мұхиттарына, сонымен қатар Парсы шығанағына шығуға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Және де 3,6 мың шақырым темір жол салынды. Егер салыстырмалы түрде айтар болсақ, Кеңес билігі 70 жылдың ішінде ұзындығы 1 300 шақырым болатын бір ғана Түркісіб темір жолын салды. Ал біздің қысқа ғана уақыттың ішінде осыншама жол салуымыздың өзі талай жайтты аңғартады. Басқаша айтар болсақ, Қазақстан Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын маңызды транзиттік көпірге айналды. Біз ұзындығы 15 мың шақырымды құрайтын мемлекеттік шекарамызда заңды түрде рәсімдедік», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.


Соңғы жаңалықтар