Қазақстан «Азия балалары» ойындарында 6-орын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Ресей Федерациясының Кузбасс аймағында қысқы спорт түрлерінен ІІ «Азия балалары» ойындары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанындағы Спортты дамыту дирекциясынан мәлім еткендей, 10 күнге созылған кешенді жарыста Қазақстан спортшылары 3 алтын, 5 күміс және 6 қола медальге қол жеткізіп, жалпы есепте 6-орын алды. Жалпы Кузбастағы ойындарға 5 спорт түрінен 58 спортшымыз қатысты.

Турнир барысында Илья Мизерных (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), Мейіржан Төлеген (шорт-трек), Варвара Глухова (конькимен жүгіру) чемпион атанды.

Мейіржан Төлеген (шорт-трек, 1500 м), Илья Шильников (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада ерлер құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Мизерных пен Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру), спринтте ерлер құрамасы (конькимен жүгіру) күміс жүлдегер атанды.

Ал Малика Жолтабар (шорт-трек, 1500 м), Софья Шишкина (шаңғымен тұғырдан секіру, К-40), эстафетада қыздар құрамасы (шорт-трек), аралас командалық сында Илья Шильников пен Алёна Свериденко (шаңғымен тұғырдан секіру), Мадияр Мадихов (шорт-трек, 100 м), шаңғы жарысындағы достық эстафетасында Арина Андрющенко («Спорт» құрамасында) қола жүлдеге ие болды.

Жалпы есепте Сібір федералды округы 1-орын алса, одан кейін Мәскеу облысы, Орал мен Қиыр шығыс федералды округының құрамасы жайғасты. Ойындар кезінде 57 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қатысушы елдер: Қазақстан, Армения, Ауғанстан, Беларусь, Кувейт, Қырғызстан, Ливан, Непал, Тәжікстан, Таиланд, Түрікменстан, Өзбекстан; Мәскеу облысы, Кузбасс аймағының құрамасы; Қиыр шығыс федералды округы, Сібір федералды округы, Орал федералды округының құрамасы; Башқұртстан Саха, Татарстан Республикалары;

Айта кетейік, 2019 жылы өткен алғашқы «Азия балалары» ойындарында 74 қазақстандық спорттың 8 түрінен бақ сынаған болатын. Жалпы есепте 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальмен 11 құраманың ішінде 6-орынға ие болды.


Соңғы жаңалықтар