Қазақстан Әзербайжаннан жеміс-жидек әкелуге қатысты заңды мақұлдады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат «Қазақстан Үкіметі мен Әзербайжан Үкіметі арасындағы Өсімдіктер карантині және оларды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңды мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заңның негізгі мақсаты - карантинге жатқызылған өнімді елге әкелу кезінде фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар мен өзара іс-қимылды нығайту.

«2010 жылғы 29 сәуірден бастап Қазақстан Халықаралық өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі конвенцияның (ХӨКҚК) мүшесі саналады. Қазақстан Республикасының қабылданған халықаралық міндеттемелері фитосанитариялық іс-шаралар бойынша халықаралық стандарттардың сақталуын және қолданылуын көздейді. Осы талаптарды сақтау екі ел аумағында тиісті фитосанитариялық жағдайды қамтамасыз етеді», - деді ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек

Келісімді ратификациялау бойынша заң жобасын қабылдау мыналарды қамтамасыз етеді:

- карантинге жатқызылған өнімнің орнын ауыстыру кезінде екі елдің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында одан әрі ынтымақтастықты дамыту;

- екі ел аумағының фитосанитариялық жай-күйі туралы өзара хабардар ету;

- зерттеу және диагностикалау тәжірибесімен алмасу бөлігінде өсімдіктер карантині жөніндегі ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Оның айтуынша, Қазақстаннан Әзербайжанға негізінен дәнді дақылдар экспортталып жатыр. Өз кезегінде Әзербайжаннан Қазақстан аумағына жылына шамамен 15 мың тоннаға жуық жеміс-көкөніс өнімдері келеді. Әзербайжаннан келетін импорт негізінен алма, алмұрт, анар, жүзім, жаңғақ және цитрус жемістері түрлерінен тұрады.


Соңғы жаңалықтар