Қазақстан азаматтарының шетелдердегі террорлық әрекеттерге қатысқан 100-ден астам оқиғасы тіркелген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың 4 айында елімізде терроризмге қатысты 57 қылмыстық іс қозғалды. Олар негізінен діни алауыздықты қоздыру, терроризмге насихаттау және террористік актілер жасауға жария шақыру фактілері, террористік топтар құру, оған басшылық жасау және оның қызметіне қатысу, жасақтау, террористік немесе экстремистік әрекеттер үшін қарулы адамдар тобын дайындау немесе ұйымдастыру, терроризмді немесе экстремизмді қаржыландыру фактілері фактілерін қамтыған.

Бұл туралы бүгін Мәжiлiстің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.

ҚР Бас прокурорының орынбасары Андрей Кравченконың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда терроризмнің 10 актісі орын алып, салдарынан құқық қорғау органдарының 17 қызметкері мен 4 бейбіт тұрғын қаза болған. «Соңғы жылдары Қазақстан азаматтарының шетелдерде террорлық әрекеттерге қатысуының 100-ден астам оқиғасы тіркелді. Бұдан бөлек, экстремистік және террорлық құрылымдар өз әрекетін Қазақстан аумағында жүзеге асыруға да тырысуда. Осыған орай, тек соңғы 5 жылда Қазақстанда экстремистік және террорлық ұйымдарға қатысы бар 70-тен астам шетелдік ұсталды», - деді А. Кравченко.

Оның айтуынша, 2014 жылдың 4 айында діни алауыздықты қоздыру, терроризмді уағыздау, террорлық топтар құру мен оның жұмысына қатысу, экстремизм мен терроризмді қаржыландыру секілді фактілермен 57 қылмыстық іс қозғалды. Осыған орай, жыл басынан бері аталған істер бойынша 20 адам сотталған. «Бұдан бөлек, 2009 жылдан бері экстремистік деп танылған және елге әкелуге тыйым салынған мыңға жуық әдебиет тәркіленді. 2004 жылдан бастап Қазақстанда 5 ұйым экстремистік деп танылып, олардың жұмысына тыйым салынған», - деді Бас прокурор орынбасары.

Еске сала кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар