Қазақстан азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету бойынша әлемдік рейтингте 69-орын алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Әлем халқының қажеттіліктері қаншалықты қамтамасыз етіліп отырғаны жайлы зерттеу жарияланды. Бұл рейтингке қатысқан 170 елдің ішінде Қазақстан 69-орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлыбританияның The Economist басылымының мәліметінше, Social Progress Imperative коммерциялық емес ұйымы 24 мамырда 170 елдегі үкіметтер өз азаматтарына көрсететін қызметтерді сараптап, мәліметтерін жариялады.

Бұл деректердің ерекшелігі - ол елдің жалпы ішкі өніміне негізделмеген. Оның орнына зерттеу 52 индикаторды қамтиды және оларды тең салмақ бере отырып, үш санатқа бөледі: адамның негізгі қажеттіліктері (азық-түлік және су), ұзақ мерзімді даму негіздері (білім және денсаулық сақтау) және «мүмкіндіктер» (жеке құқықтары мен бостандықтарын қоса алғанда).

Мемлекет тарапынан өз азаматтарына көрсетілетін әлеуметтік әл-ауқат деңгейін есептейтін осы халықаралық рейтингте Қазақстан 170 елдің ішінде 69-орын иеленді. Айта кетейік Қазақстанның көрсеткіші Беларусь (62) пен Ресейден (65) төмен, бірақ Бразилия (75), Біріккен Араб Әмірліктері (82), Түркия (87) және Қытай (107) сынды елдерден жоғары болып шықты. Көршілес елдер арасынан Қырғызстан 91, Өзбекстан 102, Әзербайжан 108, Түрікменстан 116, Тәжікстан 132-орында.

Жалпы халықаралық рейтингте Швейцария көш бастап тұр, одан кейін Норвегия мен Дания үздік үштікке кірген. Алғашқы ондықта сондай-ақ Исландия, Германия, Финляндия, Швеция, Нидерланды, Канада және Австрия бар.


Соңғы жаңалықтар