Қазақстан аймақтағы экономикалық дамудың орталығы - Чехия Президенті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан аймақтағы экономикалық дамудың орталығы. Бұл туралы бүгін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен өткен кездесуден кейінгі бірлескен мәлімдемеде Чехия Президенті Милош Земан мәлім етті.

«Жақында Чехия Республикасының Үкіметі қабылдаған шешімінде Қазақстан басымдықты серіктес деп аталды. Бұл бәрінен бұрын стратегиялық ұзақмерзімді көзқарасымызды қамтып отыр. Бұрындары экономикасы «керемет елдер» саналған Германия, Жапония немесе Оңтүстік Корея секілді мемлекеттермен біз Орталық Азияны, атап айтқанда Қазақстанды салыстыра аламыз. Себебі, бүгінде Қазақстан экономикалық ғажайыптың тартылыс орталығына айналды»,- деп атап өтті Милош Заман.

Осы орайда Чехия Президенті Қазақстанда 12 жыл бұрын болғандығын айта келе, «ол кезде еліміз Үкіметінің төрағасы қызметінде едім. Сол уақытты салыстыра келе, Қазақстанның өркендеуі мен Астана құрылысындағы елеулі ілгерілеушілікті айтқым келеді»,-деді.

Бұл тұрғыда ол Қазақстан қазіргі даму қарқыны нәтижесінде әлемдік экономикада маңызды ойыншылардың бірі болатынына сенімді екенін атап өтті.

Айта кетейік, 2013 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымы 417,8 млн. АҚШ долларын құрады, ал 2014 жылдың қаңтар-қыркүйегінде оның көлемі 313,1 млн. долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 6,7 пайызға артты.

Соңғы жаңалықтар