Қазақстан әйелдері күштері Альянсы әлеуметтік кәсіпкерлердің бірыңғай базасын құрып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Қазақстанның әйелдері күштері Альянсының ұйымдастыруымен үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) кездесуі өтті.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері саладағы проблемаларды талқылап, оларды шешуге қатысты ұсыныстарын айтты,ҚазАқпарат.

Қатысушылар Альянс төрағасының орынбасары Азиза Шөжееваның бірлескен бастамаларды әзірлеу үшін барлық ҮЕҰ үшін онлайн-алаң, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының әлеуметтік кәсіпкерлерінің бірыңғай базасын құру туралы бастамасын қолдады.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның әйелдері күштерінің Альянсы – еліміздегі әйелдердің, балалар мен ерекше қажеттілігі бар адамдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және идеяларын, жобаларын әзірлеп, ілгерілетуге арналған ең ірі алаң. Біз осы мақсаттар үшін барлық белсенді әйелдер мен ҮЕҰ-ны біріктіруді мақсат етіп отырмыз», – деді Азиза Шөжеева.

«Қазақстан әйелдері күштерінің Альянсы» ЗТБ бір жыл бұрын құрылған болатын. Бастапқыда оның құрамына әйелдер жетекшілік ететін 20 ірі ҮЕҰ кірді. Содан бері олардың саны 140-қа дейін көбейді. Альянс қызметі әйелдер құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге, олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге, әйелдерді шешімдер қабылдауға тартуға, әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылықтарға қарсы тұруға, әйелдердің денсаулығын сақтауға және нығайтуға, сондай-ақ осал санаттағы әйелдердің әлеуметтік проблемаларын шешуге бағытталған. Осы жылдың басында Альянс Қазақстанда әйелдердің өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі.

Бір жыл ішінде еліміздегі әйелдердің жағдайын жақсарту бойынша үлкен жұмыс атқарылды.

Атап айтқанда, отбасылық және гендерлік саясат мәселелері жөніндегі заң жобасына 15-тен астам түзету, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заң жобасына 50-ден астам түзету енгізілді. Альянс партия, Парламент, мемлекеттік және корпоративтік секторлар құрамында әйелдер өкілдерінің 30 пайыздық квотасын қамтамасыз ету жөніндегі бастаманы іске асыруға белсенді қатысты. Альянс мүшелері өңірлердегі дағдарыс орталықтарының жұмысына мониторинг жүргізуге де араласты.

Кездесу барысында Азаматтық бастамалар орталығының, «Kazakhstanparents'Union» ҚҚ, «Асыл Бала» ҚҚ, шала туған балаларды қолдайтын «Бекзат» ҚҚ, «AUTISM KAZAKHSTAN» қауымдастығы, «Алтын шаңырақ ұясы» ҚҚ, «Спина бифида» ҚҚ, «Бақытты Шаңырақ» ҚҚ, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Аналар кеңесі қауымдастығының «Алтын Бала» жобасының, «Солнечный Мир» ҚҚ, «Адал Ниет Астана» қорының ұйымдастырушылары мен өкілдері және әлеуметтік кәсіпкерлер әйелдерді шешім қабылдауға тарту деңгейіне көтеруге қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Балалар құқықтарын қорғау, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды демеу жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру қызметтері және халықтың әлеуметтік осал топтарына қатысты мәселелерді ортаға салды.

«Біз әйелдің қоғамдағы әлеуметтік рөлін түбегейлі қайта қарастыруға тырысуымыз керек. Әйелдердің елдің саяси және экономикалық өміріне тең қатысуы әлеуметтік-экономикалық дамуда, өзекті саяси, әлеуметтік-мәдени, нәсілдік, этникалық және басқа да мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие. Демократиялық қоғамның жемісі де осында жатыр. Біздің қоғамдағы әйелдердің проблемаларын жедел шешу қажет. Осындай форумдар мен кездесулер барысында әйелдердің жағдайын жақсарту және елімізде гендерлік саясатты іске асыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленеді. Біз осы мәселелерге мемлекеттік органдар мен жұртшылықтың назарын аударғымыз келеді. ҮЕҰ, бизнес өкілдерін, сарапшыларды, журналистерді, бұған бей-жай қарамайтын басқа да адамдарды, өмірлік белсенді ұстанымы бар азаматтарды ынтымақтастыққа шақырамыз. Біз бірлесіп, қоғамдағы көптеген әлеуметтік мәселелерді шеше аламыз», – деді Қазақстанның әйелдері күштері Альянсы төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Альянс филиалының төрағасы, «Шапағат» халықтық жобасы» ҚҚ-ның басшысы Назгүл Мақжан.


Соңғы жаңалықтар