Қазақстан автожолдар желісін дамыту арқылы өзге елдермен сауда қатынастарын дамытуда орасан зор мүмкіндіктерге ие болады

None
None
АКТОБЕ. ҚазАқпарат - Биылғы жылы ҚР Президенті «Нұрлы Жол» Жолдауында елде сапалы көлік-логистикалық инфрақұрылымын құру қажеттігін баса айтты.

Қазақстан астанасы басқа да магистральдық автомобиль жолдары, темір жол, әуе желілерімен байланысады. Бірінші кезектегі автожолдардың ішінде ақтөбелік жобалар да бар, оның дамуы жайында «Қазавтожол» ҰК» АҚ филиалының директоры Бағлан Баймағамбетов айтып береді.

-Бағлан Әуелбекұлы, Жолдауды іске асыру аясында Ақтөбе облысының қай бағыттағы жолдарын жөндеуге басымдық беріледі?

- Ақтөбе облысында «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы», «Ақтөбе-РФ шекарасы» және «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» жолдарын қайта жөндеу жоспарлануда. Жалпы ұзындығы 831 шақырым. Жобаны іске асыру 2015-2020 жылдар аралығында жүзеге асады.

«Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы» жолы «Баку-Астрахань-Атырау-Ақтөбе-Ақтау-Түркіменстан шекарасы» транзиттік дәлізінің бөлігі болып табылады, ол Қазақстанды Әзербайжанмен, Еуропамен, солтүстікте Ресеймен, оңтүстікте Иран арқылы Парсы шығанағы елдерімен, оңтүстікте - Өзбекстанмен, Түркіменстанмен байланыстырады. Маңызды көлік торабын қайта жаңарту Батыс Қазақстан үшін бірінші дәрежелі, стратегиялық маңызды міндет болып табылады. Қазақстан бойынша бұл жолдың ұзындығы 871 шақырымды, облыс бойынша 319 шақырымды құрайды.

- Ақтөбе-Ресей Федерациясының шекарасы тас жолының болашағы қандай?

- Ұзындығы 127 шақырымды құрайтын бұл күре жолдың болашағы облыс үшін маңызды. Ор қаласына салынатын жол ақтөбелік кәсіпкерлерге Ресейдің Орал және Сібір федеральдық аймақтарына өтуге жағдай жасап, сол арқылы жүктер мен тауарларды тасымалдаудың жақсы мүмкіндіктерін береді.

Облыстың үшінші көліктік жобасы - «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» күре жолы болмақ.

Жалпы алғанда бүкіл республика бойынша Астананы агломерациялар орталықтары, соның ішінде Ақтөбемен байланыстыратын ұлттық тас жолдардың жаңа желісінің құрылысы басталады. Астана мен Ақтауды байланыстыратын көліктік дәліз салынады. Бұл жолдың бағдары Қандыағаш-Ырғыз жолы арқылы өтіп, Ақтөбе облысының оңтүстік аудандарындағы көліктік инфрақұрылымның дамуына септігін тигізеді.

Аталған көлік жолдарының барлығы Батыс Еуропа-Батыс Қытай трансқұрлықтық дәлізге шығатыны және Қазақстан, Ресей, Беларусь арасындағы экономикалық байланыстардың дамуы мемлекетаралық және сауда қатынастарын кеңейту және тереңдету үшін үлкен мүмкіндіктер туғызатыны да маңызды.

Қазақстанда күре жолдар желісін салу және қайта жаңғырту экономикамызға жаңа серпін беріп, жаңа жұмыс орындары ашылады және тұрғындар әл-ауқатының өсуіне септігін тигізеді деп ойлаймын.

Соңғы жаңалықтар