Қазақстан Ауғанстанды Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көпір ретінде қарастырады

None
None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақстан Ауғанстанды Орталық және Оңтүстік Азия арасын байланыстырушы көпір ретінде қарастырады. Бұл туралы «Ауғанстан: қауіпсіздік және экономикалық даму» халықаралық конференциясы аясында ҚР Президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Талғат Қалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

«Ауғанстан – біздің үлкен аймақтың бөлігі, Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көпір. Халықаралық қоғамдастық Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ортақ күш-жігер жұмсау керек. Біз бұл бағытта екіжақты форматта да, көпжақты негізде де жұмыс істеуге дайынбыз», - деді қазақстандық дипломат.

Ол Ташкент конференциясы Ауғанстандағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрғындардың, бірінші кезекте әйелдер қауымының азаматтық құқықтарын сақтау, экономиканы қалпына келтіру, өңіраралық кооперацияға интеграциялауды қоса алғанда, көптеген проблемалық мәселелердің шешімдерін іздестірудегі өзекті және тиімді алаң екенін атап өтті.

Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев конференцияға қатысушыларға құттықтау сөзінде Ауғанстанның уақытша үкіметін халықаралық террористік ұйымдармен байланысын үзуге шақырғаны хабарланған болатын.

Халықаралық конференция жұмысына Орталық және Оңтүстік Азияның, Еуропаның, Американың, Таяу және Орта Шығыстың, Азия-Тынық мұхиты өңірінің 20-дан астам елінен Ауғанстан бойынша арнайы өкілдер, сондай-ақ БҰҰ, ЕО, ФАО, ЭЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ сарапшылары қатысты.


Соңғы жаңалықтар