Қазақстан ауған студенттерін оқыту бағдарламасын жалғастырады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ауған студенттерін Жоғары оқу орындарында оқыту бағдарламасын жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екіжақты және көпжақты келісімдер аясында Қазақстан Ауғанстанға техникалық және гуманитарлық көмек көрсетіп келеді. Бүгінге дейін біз Ауңғанстанға 80 миллион доллардан астам сомада көмек көрсеттік. Соңғы жылдары ондағы медициналық және білім беру орталықтарының құрылысына, Ауғанстанның әртүрлі провинцияларында жолдар мен көпірлерді қалпына келтіруге 3,5 миллион доллар бағытталды. Сонымен қатар, үш жыл бұрын Қазақстан Ауғанстанның ұлттық қауіпсіздік күштеріне көмек ретінде 2 миллион доллар бөлді», - деп атап өтті ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді елордада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиынында.

Сыртқы істер министрінің айтуынша, қазақстандық жетекші Жоғары оқу орындарында ауған студенттері оқып жатыр. Бұл мақсатта ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мемлекеттік бағдарлама аясында 50 млн доллар бөлінген.

«Бұл бастама халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бүгінгі таңда бұл бастаманы табысты түрде дамытып келеміз. Осы аптада ЕО, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы үшжақты ынтымақтастық бағдарламасы аясында Қазақстанның жетекші университеттерінде оқу үшін ауған студент бойжеткендерінің бірінші тобы Алматыға келді. Ауғанстан жастардың білімге бет бұрмаса, онда тұрақты орталық бола алмайды деп санаймыз », - деді министр.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша дөңгелек үстелінде Мұхтар Тілеуберді Ауғанстанның экономикасын көрші елдермен, сонымен бірге Орталық Азия мемлекеттерімен интеграциялаудың маңызы зор екенін атап өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар