Қазақстан әуежайларына келген жолаушыларға бетперде таратылуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 5 млн медициналық бетперде сатып алып, резерв құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтып берді.

«Қазақстан әуежайларына келген жолаушыларға бетперде тарату қажет деген өтініштер келіп түсті. Шет елдерден келген отандастарымызға көмектесу үшін бұл ұсынысты қарастырып жатырмыз. Сонымен бірге, маскалар туралы да айтқым келеді. Орта есеппен жылына екі миллионға жуық маска тұтынамыз. Ал қазір қосымша 5 млн бетперде сатып алып, резерв құрдық. Біздің ойымызша, бұл жеткілікті. Оған қоса, резервтік мақсатта отандық және шетелдік өндірушілермен келіссөздер жүргізудеміз», - деді Елжан Біртанов.

Сонымен бірге, министр бетперде бағасының қымбаттауы жөнінде пікір білдірді.

«Бетперде, дәрі және өзге де медициналық бұйымдардың қымбаттап кетпеуі үшін жергілікті атқару органдарына дәріхана басшыларымен жұмыс жүргізуді тапсырамыз. Түсіністік танытып, қосымша өндірісті ұйымдастырған отандық тауар өндірушілерге де алғыс білдіреміз» - деді Е. Біртанов.

Оның айтуынша, әзірге дүние жүзінде коронавирус жұқтырған 7 711 науқас тіркелді, 170 науқас көз жұмды. Сонымен бірге, жалпы 17 мемлекетте 90 науқас тіркелді.

Айта кетейік, 6 қаңтардан кейін Қытайдан келген 54 қазақстандық қызуы көтеріліп, ауруханаға түскен. Оның 16-сы емделіп шықты.



Соңғы жаңалықтар