Қазақстан атом энергетикасын дамыту, АЭС пайдалану бойынша Францияның тәжірибесімен танысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 18 шілдеден бері қазақстандық делегация АЭС салу мен пайдалану және атом энергетикасын дамыту жөніндегі тәжірибесімен танысу үшін Францияда жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.

Делегация құрамында ҚР Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық, «KEGOC» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» АҚ өкілдері, Атом және энергетика саласындағы сарапшылар бар.

Сапар шеңберінде Францияның Қаржы, Энергетика министрліктерінде кездесулер өтті, сондай-ақ АЭС-тың Француз операторы Eléctricité de France компаниясымен келіссөздер жүргізілді.

Еуропа және Францияның Сыртқы істер министрлігі жанындағы сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат Оливье Бешт мырзамен жеке кездесу өтті.

Келіссөздер шеңберінде мемлекеттік қаражатты тарту және мемлекеттік кепілдіктер беру сияқты атом жобаларын қаржыландыру модельдері, сондай-ақ жобаларға жеке инвестицияларды тарту тәжірибесі зерделенді.

Сондай-ақ, делегация «Фламанвилл» АЭС-те болды. Станция Шербур қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 23 км жердегі Ла-Манш бұғазының жағасында орналасқан.

АЭС құрамына Framatome әзірлемесінің (PWR) P4 қысыммен су реакторлары орнатылған екі энергоблок кіреді. Бір блоктың электр қуаты - 1300 МВт. «Фламанвилл» АЭС Франциядағы барлық тұтынылатын электр энергиясының шамамен 4%-ын өндіреді.

Францияның Энергетика министрлігімен кездесуде ҚР Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов атап өткендей, Қазақстан көміртекті бейтараптыққа бағыт алды, терең декарбонизациялау бойынша шараларды қарастыратын 2035 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясын бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде. АЭС салу болашақта электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесін шешіп қана қоймай, ЖЭК-пен қатар елдегі төмен көміртекті генерацияны дамытуға өз үлесін қосады.

Өз кезегінде, Франция Энергетика министрлігі Энергетика және климат бас басқармасының (DGEC) басшысы Лоран Мишель былай деді: «Франция Қазақстанның энергетиканы «жасылдандыру» деген ұмтылысын қолдайды және осы саладағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты мақсат етеді».

АЭС дамытудағы Францияның тәжірибесін әлемдегі ең кең тәжірибелердің бірі деп атауға болады, өйткені бүгінде Франция ядролық реакторлар саны бойынша әлемде (АҚШ-тан кейін) екінші орын алады. Бұл ретте елдегі электр энергиясының 69%-ы дәл АЭС-те өндіріледі. Сонымен қатар Франция әлемдегі ең ірі электр энергиясын таза экспорттаушы болып табылады және одан жылына 3 миллиард еуродан астам қаражат алады.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ел аумағында алғашқы АЭС салу үшін жетекші әлемдік компаниялардың ұсыныстарын зерделеуде. Қазіргі уақытта пайдалану тәжірибесі бар үлкен қуатты реакторлық технологиялары бар төрт жеткізушіден тұратын шорт парағы жасалды. Олардың қатарында кореялық KHNP, қытайлық CNNC, ресейлік «Росатом» және француздық EDF бар.





Фото : gov.kz


Соңғы жаңалықтар